Бүгінгі күні қазақтың фото өнері даму үстінде - С. Құсайынов
дейді белгілі жас фотосуретші Самат Құсайынов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Ол бүгінгі қалалық мұражайда өтіп жатқан көрменің ерекшелігі, тек қана бір өнер төңірегінде ғана шектеліп қалмай, бірнеше өнердің басы бір жерге тоғысып отырғандығын атап өтті. «Бүгінгі күні қазақ фото өнері даму үстінде. Қазақ жерінің әсем табиғаты мен көрікті орындарын осы фото өнері арқылы әлемге мақтан ете аламыз», дейді жас фотосуретші. Сондай-ақ ол көптеген салалардың қазақ санасында қайта жаңғыруына тәуелсіздіктің қосқан үлесі зор екендігін, соның айғағы ретінде фото өнерінің де қайта өркендеп келе жатқандығын баса айтып өтті. «Өтіп жатқан өнер бәйгесі қаншама жастарымыздың болашағына жол ашу үстінде. Тәуелсіздігіміздің арқасында мол мұрамызбен қайта қауышу үстіндеміз. Қазақ өркениетінің әлемдік аренада атын шығару үшін болашақта қазақ жастарының алдына қоятын ең алғашқы міндеті - өз Отанына деген патриотизмді жоғалтпау. Ұлтты өсіретін де сол отансүйгіштік қасиет», дейді С. Құсайынов.