Бүгінгі сайлаудың мәні мен маңызы дұрыс түсіндірілді - Н. Әбіқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртай Әбіқаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 81-ші сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

«Бүгін елімізде өтіп жатқан Парламент Мәжілісінің депутаттары мен жергілікті мәслихатты сайлау туралы көп айтылды және оның мәні мен маңызы түсіндірілді. Бесінші шақырылымдағы Мәжіліс өзінің тариxи миссиясын орындады. Атап айтқанда, бес институционалдық реформаны тиімді жүзеге асыру тұрғысында қажетті қадам жасалды. Менің ойымша, еліміздің халқы даму жолындағы шешімді дұрыс қадам ретінде қабылдады. Елбасымыз жүргізіп отырған саясаттың арқасында біз алдағы белестерді сенімді түрде еңсеріп келеміз. Сондықтан осы сайлау мақсат-міндеттерді тиімді орындауға жаңа серпін береді», - деді депутат.

Сонымен қатар ол өзінің отбасы мүшелері Мемлекет басшысының саясатын қолдайтынын, сондай-ақ сайлауға барып, міндетті түрде дауыс беретінін атап өтті.

Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 9840 сайлау учаскесінде дауыс беру өтеді, мұнан бөлек шетелде 65 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Жалпы, 9 791 165 қазақстандық дауыс берушілер тізіміне енгізілген.

Айта кетейік, саяси додаға барлығы алты партия - «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысып жатыр.