Бүгінгі таңда адамзат тарихында жаңа «көпполярлы» әлем қалыптасуда - Б. Сұлтанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда адамзат тарихында жаңа «көпполярлы» әлем қалыптасуда. Бүгін жыл сайын өтетін «Еуроодақ-Ресей-Қазақстан: өзара іс-қимылдың жаңа парадигмасы» атты XII Алматы конференциясы барысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов осылай деді.

Оның айтуынша, бұрынғы бір полярлық және қос полярлық әлем өзінің дәрменсіздігін танытты.

«Қазір жаңадан қалыптасып келе жатқан «көпполярлы» әлем өзінің үстемдігін жүргізе бастауда. Бұл жерде бір айта кететін жәйт, саясатта да, экономикада да көп полярлық әлем қалыптастыру - болжап болмайтын сценарий бойынша дамиды. Сәйкесінше, аймақтық және ғаламдық деңгейде бәсекелестіктер күшейеді. Демек, аймақтық және ғаламдық деңгейде тұрақсыздықтар орын алады. Осыған байланысты Елбасымыз Н. Назарбаев VII Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде, әлем қай бағытта дамыса да, оған дайын болу керектігін атап өтті. Мысалы, ғаламдық қаржы дағдарысы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Оған қоса, қарқынды дамып жатқан БРИКС елдерін айта кету керек. Мұнда Ресей мен Қытай болашақта экономикалық дамуда АҚШ-ты ығыстыруы әбден мүмкін» - деді өз сөзінде Болат Сұлтанов.

Аталмыш ғылыми шараның жұмысына Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропалық Одақтың жетекші сарапшылары, сонымен қатар ҚР мемлекеттік мекемелерінің жауапты қызметкерлері және Қазақстанда аккредиттелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Бұл ғылыми форум Роза Люксембург Қорының (ГФР) Ресей Федерациясындағы филиалымен бірлесе өткізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Бірполярлық әлем - бұл, билік бір орталыққа шоғырландырылған әлемдік құрылым.

Биполярлық (қос полярлық) - күшті екі мемлекетке, яғни әлемді екі мемлекеттің ықпалдық саласына бөлу.

Көпполярлық әлем - көптеген мемлекеттер тең экономикалық және әскери күшке ие болатын әлемдік құрылым. Теория жүзінде бұл ең тұрақсыз жүйе екен. Құдіреті тең мемлекеттердің бейбіт қарым-қатынаста өмір сүруі ұзаққа бармауы ықтимал. Дегенмен, ұзаққа созылуы да ғажап емес. «Биполярлық жүйе барысында да ерте ме кеш пе бір жеңімпаз анықталады» - дейді сарапшылар. Ал бір полярлық әлем уақыт өте келе ыдырайтындығына сарапшылар сеніммен қарайды.

БРИКС - бұл, қарқынды дамып жатқан бес мемлекеттің бірлескен тобы. Олар: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы.