Бүгінгі таңда бірінші кезектегі мәселе – тұрақтылықты қамтамасыз ету - сенатор

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматтарын елдегі жағдайға байланысты сабырға шақырамын. Мемлекет басшысының бүгінгі таңда қабылдап жатқан шаралары дұрыс. Себебі, қазір бірінші кезекте халықты тыныштандыру керек. Елімізде болған төтенше оқиғаларға байланысты сенатор Бекболат Орынбеков осындай пікір білдірді.

«Өкінішке қарай бүгінгі таңда адам шығындары да болып жатыр. Ол үшін марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Президенттің қабылдаған шаралары өзінің шешімін тауып келе жатыр. Біз осындай кезде Мемлекет басшысының жанында болып, атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді атсалысуымыз керек», деп атап өтеді сенатор.

Сонымен қатар, депутат Ақтау қаласында көтерілген мәселелерге толық баға берілгенін айтты. «Сұйытылған газдың бағасы 50 тг-ден 70 теңгеге дейін бекітілді. Жанар-жағармайға қатысты мәселе де шешіліп, 95 бензиннің бір литрі 215 теңге, 92 бензин 186 теңге болды. Мемлекет енді азық-түлік бағаласын реттеуге кіріседі. Бұл жұмыстар өз нәтижесін береді деп есептеймін. Бізге қазір Мемлекеттік басшысымен бірге болып, Қазақстанымызды қалпына келтіру жұмыстарына жұмылуымыз керек»,-деді сенатор.