Бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі - Қызылорда шәһарының тазалығы - қала әкімінің орынбасары

ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қызылорда - Сыр өзенінің бойындағы ең ірі қаланың бірі. Еліміздің облыс орталығы болып табылатын, 200 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың өзіндік ерекшеліктері мен өзекті мәселелері де бар екені анық. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Нұрхан Жәлиев

Сыр бойындағы белгілі шаһардың бүгінгі тынысы мен жүзеге асып жатқан іргелі істері жайлы ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

- Нұрхан Бұқарбайұлы, Қызылорда қалалық әкімшілігін алаңдатып отыр деп қай мәселені айтар едіңіз?

- Бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі - Қызылорда қаласының тазалығы. Қала әкімі Мархабат Жайымбетовтің басшылығымен бірталай жұмыстар жасалды. Соңғы екі-үш жыл төңірегінде қала жақсы жағына қарай көп өзгерді. Бірақ «Тәртіпті, тазалықты жасамайды, оны ұстап тұрады» деген қағида бар ғой. Сонымен қатар тұрғындарды тазалықты сақтауға, қала көркін құрметтеуге үйретудің де маңыздылығы зор. Өйткені көп адамдардың қаладағы тұрмысқа бейімделуі, мәдениетті сақтау деңгейі өте төмен. «Бұл менің үйім, менің аулам емес қой» дегендей теріс ұғыммен қала көшелерінің тазалығына немқұрайлы қарайтындар аз емес. Сондықтан қала тазалығы рухани-мәдени істердің бастауы екендігін ұғындыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Қаламызда 400-дей көше болса, бюджетте қарастырылған қаржы тек 100 көшені таза ұстауға жетеді. Осы орайда қала әкімшілігі қаржы көлемін көбейту, әр түрлі құрылымдар мен ұйымдарды ортақ іске тарту, басқа көшелерді де қамту мақсатын алға қойып отыр. Дегенмен бұл бір жақты жұмыс болмауы тиіс. Тұрғындар өз тарапынан қолдау білдіргені жөн. Әрбір адам өз үйі мен ауласын таза ұстаумен қатар қаланы көгалдандыру ісіне де үлесін қосқаны дұрыс.

Өткен жылы Қызылорда қаласының 190 жылдығы аталып өтті. Соның қарсаңында басталған көшелер мен ғимараттарды жаңарту, гүл егілетін алаңдарды көбейту ісі жалғасын тауып келеді.

- Алдағы күндері өтетін маңызды мәдени іс-шараларға тоқталып өтсеңіз?

- Қаламызда Қазақстан Конституциясының 15 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Білім мен ғылым, өнер мен мәдениет саласындағы ұжымдарда арнайы іс-шаралар жоспарланған. Республикалық деңгейде ақындар айтысы болатыны көзделуде.

Қала әкімшілігі қашанда әлеуметтік мәселелерге баса мән береді. Қыркүйектің 1-і - Білім күні келе жатыр. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қамту жұмысы жолға қойылған. «Мектепке - жол» республикалық акциясы аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Қаланың мектепке бармай қалатын бірде-бір баласы болмауы керек. Осы мәселеге орай бізде арнайы жұмыс тобы құрылды. Кейбір мектепке барғысы келмейтін балалар болса, оларды алдын-ала анықтау шаралары жасалып жатыр. Қаладағы кәсіпкерлерді, басқа да өндірістік ұжымдарды осы іске тартып, тұрмысы нашар отбасылардың балаларына киім алып беруге, оқуға қажетті құралдары мен сөмкесін алуына жәрдем жасалады. Қала бойынша осы санаттағы 1500-дей бала қамтылады. Бұл мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыдан бөлек атқарылатын игі істер болмақ.

Сонымен қатар оқушылардың киімдері мен оқу құралдарын сатып алуы үшін арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыруды бастадық. Жәрмеңкені үш апта өткіземіз. Бағаға қатысты сараптама жүргізілді. Яғни, қазіргі базардағы бағамен салыстырғанда 15-20 пайызға дейін төмен. Бұл да халыққа қолдау, көмек деп есептеймін.

- Білім саласының қандай өзекті мәселесі толғандырады? Айталық, оңтүстік өңірде мектеп жетіспейді. Қалада үш ауысымда оқитын мектептер бар ма?

- Үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Соңғы жылдары ХХІ ғасырдың талаптарына сай жаңа үлгідегі мектептер бой көтеруде. Мысалы, былтыр қаламызда 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қарауылтөбе кентінде 300 орындық мектеп салынды. Биыл, құдай қаласа, қыркүйек айында 1248 орындық мектеп шәкірттерге есігін айқара ашады. Ол Сырдария шағын ауданының маңында орналасқан. Және де Түркістан көшесінде 1200 орындық мектептің құрылысы аяқтала келді. Тасбөгет кентінде дарынды балаларға арналған мектеп салынуда. Сонымен қатар келесі жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған интеллектуалдық мектептің құрылысы басталады.

Өзекті проблемалар ескі мектептердің жағдайына келіп тіреледі. Оларды жөндеу, қаржы бөлу, жылумен қамту секілді мәселелері бар. Бұл жыл сайын айналысып келе жатқан жұмыстарымыз. Оң шешімін табу - басты міндетіміз.

- Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары ата-аналарды балабақша мәселесі толғандыруда. Елбасы биылғы Жолдауында да осы мәселеге арнайы тоқтап, алғаш рет «Балапан» бағдарламасы жөнінде бастама көтеріп, Үкіметке тапсырма берді. Қалада балабақша мәселесі қалай шешілуде?

- Биылдың өзінде қазіргі заманның барлық талаптарына сәйкес «Ертөстік» және «Алпамыс» деген 140 орындық екі балабақша пайдалануға берілді. Барлық қажетті құрал-жабдықтарымен, ойын алаңдарымен қамтамасыз етілген. Кезінде 1990 жылдары көп балабақша жекеменшікке салытып кетті немесе кейбір мекемелерге берілгені белгілі. Қазір «Балапан» бағдарламасы аясында бұрын беріліп кеткен балабақшаларды кері қайтару жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа, қаланың өзінде онға жуық балабақша кері қайтарылатын шығар деп жобалап отырмыз. Сонымен қатар жекеменшік балабақшалар да ашылуда. Оларға Үкімет те, жергілікті әкімшілік те қолдау көрсетіп отыр. Ондай балабақшаның қызметкерлеріне бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал ғимаратты ұстап тұруға, басқа да қажетті қаражаттарды табу жеке кәсіпкердің өз міндеті.

- Білім мен денсаулық қатар жүреді ғой. Денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр ма?

- Бұл саланың мәселелерімен негізінен облыстық денсаулық сақтау басқармасы айналысады. Алайда, айта кетер болсам, бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқаны біздің өңірде де анық байқалып отыр. Жаңа нысандар салуға және дәрі-дәрмектер алу үшін мақсатты бөлінген қаражаттар бар. Қызылорда қаласында да жаңа емхана мен ауруханалар салынуда. Бұрынғы нысандар күрделі жөндеуден өткізілуде.

Әлеуметтік жайтты айтқанда, соңғы жылдары тұрғындардың көтеріп жүрген бір мәселесі бар еді. Ол - Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткендер, соғыстың ауыртпашылығын көрген жандарға қолдау көрсету. Облыстың жеті ауданында 1937 жылы туғандар да тыл ардагерлері санатына жатқызылған екен. Ал Қызылорда қаласының тұрғындары 1936 жылмен шектелген. Тұрғындардың өтініштерін ескеріп, арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасады. Соның нәтижесінде 1937 жылы туған қала тұрғындары да тыл ардагерлері санатына жатқызылды.

- Бүкіл мұсылмандар үшін Рамазан айының маңызы ерекше. Бүгінгі таңда ораза ұстап, ауыз бекіткендердің саны жыл санап артып келеді. Биылғы жылы осы айға байланысты қалада қандай қайырымдылық шаралары өткелі тұр?

- Қазір - қасиетті Рамазан айы. Ал қыркүйектің 9-ы күні Ораза айты басталатыны белгілі. Сыр өңірі діни-рухани мәселеге айрықша көңіл бөлетіні жасырын емес. Сондықтан облыс және қала көлемінде Ораза айты биыл ерекше аталып өтілетін болады. Ислам дінінің құндылықтарын дұрыс насихаттауға баса көңіл бөлінуде. Қайырымдылық шаралары жасалады. Яғни, бұрын шығыста қалай өтетін болса, барынша соған сәйкес мәні мен мазмұнын сақтап, бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ. Сол күні қаламызда жалаңтөс Баһадүр бабамыздың ескерткіші ашылатыны жоспарлануда. Баһадүр - кезінде Орталық Азиядағы рөлі жоғары шаһар болған Самарқандты билеген, батырлығы мен ел басқара білуі арқылы алты алашқа әйгілі болған тарихи тұлға. Сондықтан оның есімі мен ерлігін бүгінгі ұрпақ білуі үшін қаламызда батыр бабамыздың ескерткіші орнатылмақ.