Бүгінгі ұрпақ ақиқатты білуі, қасірет шегіп, азаппен көз жұмғандарды есте сақтауы қажет - А. Бижанов

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінгі ұрпақ ақиқатты білуі, қасірет шегіп, азаппен көз жұмғандарды есте сақтауы қажет.

Бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстандағы жаппай ашаршылыққа 80 жыл толуына байланысты өткен дөңгелек үстел барысында Cенат депутаты Ақан Бижанов осылай мәлім етті.

Сөз арасында сенатор Ақан Бижанов қазақ халқының тарихы бай да қатпарлы екенін, онда ұлы жетістіктер мен жеңістер, сондай-ақ қасірет сынақтары мен үрейге толы кезеңдері аз болмағанын еске салды.

«Тарих тереңіне тәуелсіздікке ие болған бүгінгі күн биігінен көз жібере отырып, экономикалық және әлеуметтік саяси жағынан әлемдік қауымдастыққа лайықты орнын иеленген мемлекет құрғанымызға тәубе дейміз. Бүгінгі табыстарымыздың ауқымдылығын шамалап, халқымыздың 30 жылдардағы жағдайының қаншалықты ауыр болғанын бағамдай аламыз. Ашаршылық мәселесі бойынша зерттеушілер тек ашаршылық оқиғалары мен шектелмей, өткен ғасырдың ішінде қазақ халқының басына ауыртпашылықтар әкелген түрлі оқиғаларды қамти отырып, оның себептерін талдап, ой қорытуда. Ал бүгін біз Қазақстан тарихының ең ауыр парақтарын ашып отырмыз», - деді сенатор.

 Оның айтуынша, бүгінгі күннің басты мақсаттарының бірі барынша тарихи әділдікті орнату және болып өткен оқиғаларды, тарихты ұмытпай келешекке жеткізу болып табылады. Ал аталмыш ашаршылық оқиғасы қазақ даласында ең қасіретті де сұрапыл кезеңдердің бірі болып отыр.

«Осы жылдары қазақ халқы саны күрт төмендеді, көбісі шетел асып кетті. Кеңес үкіметінің өткізген халық санағы бойынша қазақтардың саны 1926 жылы 3 млн. 968 мың 289 адам болса, 1937 жылы 2 млн. 862 мың 458 адамға дейін азайған. Ал Қазақстан аумағынан басқа мемлекеттерге шарасыз көшкен адамдарға байланысты ғалымдар мәліметіне сүйенсек, олар 1- млн.-ға жуық болды. Тек 1970 жылдары тұрғылықты халық саны қайта қалпына келе бастады», - деді Ақан Бижанов.

Сенатор осынау нәубетті кезеңді әрбір Қазақстан азаматы білуі тиіс екенін айтты. «Болған қасіретті оқиғаларды қайтарып түзей алмасақ та, жастарды тәрбиелеу арқылы, оларға тарихты сіңіру арқылы біз болашақта ондай қиын заманды болдырмауын қолға алатын боламыз. Бүгінгі ұрпақ ақиқатты білуіміз, қасірет шегіп, азаппен көз жұмғандарды есте сақтауымыз қажет», - деді ол.