Бүгінгі заман талабына сай журналист мамандарын даярлау туралы ортақ ойлар ортаға салынды

АНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Баспасөз күніне орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан журналистикасының өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Оған еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен жетекші журналистер қатысты.

Басқосуда қазіргі журналистиканың аса маңызды мәселелері сөз болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар бүгінгі заман талабына сай журналист мамандарын даярлау туралы ортақ ойларды ортаға салды.

Айта кету керек, бүгінде журналистер негізінен екі білім ордасында - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия ұлттық университетінде дайындалады.

Кіріспе сөз сөйлеген Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым жаңадан құрылған журналистика факультетінің аяғынан нық тұрып, беделге ие болғанын айтты. Өткен жылы журналистика факультетіне 11-ден астам «Алтын белгі» иегерлері қабылданған. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Аталған салаға бөлінетін гранттардың иегерлері Еуразия ұлттық университетін таңдаған.

Шетелден келген мейман, Ыстамбұл университеті журналистика факультетінің деканы, доктор, профессор Айдемир Оқай Түркиядағы БАҚ-тың дамуы, мамандарды даярлаудың ерекшеліктері жайлы айтып берді.

Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Н.Омашұлы журналист мамандарын даярлауда оқу жоспарларын бүгінгі заман талабына сай жасау, дәріс беруге дарынды ұстаздарды тарту туралы ойларымен бөлісті.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның президенті, жазушы Сауытбек Абдрахманов журналистика саласының өзекті мәселелерін қозғады. Мамандарды даярлауда олардың білімі мен біліктілігін арттыру, ғаламдық ақпарат әлеміндегі журналистің рөлі жайлы әңгімеледі. Тек қана баспасөз хабарламасын жазуға шамасы жететін сапасыз мамандарды шығаруға жол бермеу керектігін айтты.

«Айқын» газетінің Бас редакторы, қаламгер Нұртөре Жүсіп қазақ журналистерінің шетел тілін меңгеруі де бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екенін айтты. Білім ордалары әлемнің жетекші тілдерін де үйретуге мән бергені жөн екенін алға тартты.

«Астана» журналының Бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат көптеген басылымдардың мемлекеттік органдар тарататын баспасөз хабарламасын көшіріп басудан арылмай отырғанын айтты. Бүгінгі баспасөздің тым ақпараттанып, саясиланып бара жатқанын мәлім етті.

Белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлы өзін де «Бүгінгі журналистика қайда кетіп бара жатыр?» деген сұрақ толғаныратынын мәлімдеді. Ол сел секілді бүгінгі заманның қаптап келе жатқан, журналистиканы таптап келе жатқан қозғалысына шамамыз келгенше қазақ баспасөзінің мықтылары болып қарсыласуымыз керек екенін айтты.

Осы жиында Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев, саяси ғылымдардың докторы, профессор Нәубет Қалиев, танымал қаламгерлер Аяған Сандыбай, Сәдібек Түгел, «Нұр-Астана» газетінің Бас редакторы Ғабит Мүсіреп, журналист Шарафаддин Әмір БАҚ мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар қаламгерлер қазақ баспасөзін қаржыландыру ісі оңтайлы шешілмей келе жатқанын, өз елінде жетім баланың күйін кешіп отырғанын ашына айтты.

«Тіл» журналының Бас редакторы Нұргүл Қарағойшина, әсіресе, Астана қаласында қазақ басылымдарын таратуда көптеген жасанды түрде кедергілер жасалып отырғанын жасырмады.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы осы алқалы басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізді

Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Сақ журналистика факультетінің алдында қыруар жұмыстар тұрғанын, өзіне жүктелген сенімді ақтауға бар күшін салатынын айтты.

Сонымен қатар сенбі күні журналистер арасында Ақселеу Сейдімбек атындағы бильярдтан турнир өтті.