Бүгінгідей қарқынмен қолжетімді тұрғын үй тапшылығы проблемасын таяу 50 жылда да жоя алмаймыз - Д. Назарбаева
Парламентте «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева осылай мәлім етті.
«Бүгінгі тыңдау барысында біз әрбір қазақстандыққа қатысы бар бірқатар мәселелерді талқыламақпыз. Оның ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйдің жан басына шаққандағы көлемін елеулі түрде қалай көбейтуге болады, кезек күту проблемасы қалай және қашан шешімін табады, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жүйесін қалай тиімді ұйымдастыру керек деген мәселелер өте маңызды. Әйтсе де біздің қолымызда бар мәліметтер көңілімізге үміт ұялата қоймайды. Ресми деректер бойынша 2011 жылы кезекте тұрған 147 мың адамнан 4 мың 901 адам ғана, яғни олардың 3 пайызы ғана ойдағы арманына қол жеткізіп, баспаналы болған. Мұны сөзбен түсіндіріп жатудың өзі артық», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген депутат Д. Назарбаева.
Оның айтуынша, бұндай қарқынмен қолжетімді тұрғын үй тапшылығы проблемасы таяу 50 жылда да жойылмайды. Бұл ретте депутат мұндай қолжетімді тұрғын үй алумен азаматтардың төрт санаты ғана үміттене алатынын, ал келтірілген мәліметтер қалыптасқан жағдайды толық көрсете алмайтынын жеткізді. «Біздің ойымызша, тұрғын үйге нақты мұқтаж адамдардың саны аталған нормадан 2-3 есеге асып түседі», - деді Д. Назарбаева.