Бүгіннен бастап «7- Арна» телевизиялық хабар таратудың жаңа үлгісіне көшті - Б.Жексенбай
Б.Жексенбайдың айтуынша, «Жетінші арна» ойын-сауық бағдарламаларын шығару жөніндегі Endemol компаниясының стратегиялық әріптесі болып табылатын «ВайТ Медиа» компаниялар тобымен жасаған ұзақ мерзімді келісімнің нәтижесінде өзінің даму стратегиясын толығымен өзгертті.
Телеарна тіпті, өзінің логотипі мен фирмалық стилін жаңалады. Оның жаңартылған слоганы: «Жетінші арнамен бірге, өзгеретін уақыт келді», деп аталады.
Б.Жексенбайдың сөзіне қарағанда, телеарнаның жаңа кестесі 80 пайыз премьералардан тұрады. Олардың арасында Endemol компаниясының көпке танымал The Money Drop британдық шоуы бар. Шоудың «Қырық миллион теңгенің шоуы» атпен қазақстандық нұсқасы экранға алдағы сенбі, 22 қаңтар күні шығады. Бағдарламаның басты демеушісі ретінде - «Қазкоммерцбанк» шығып отыр.
Сондай-ақ көрермендерге «ВайТ Медианың» «Нағыз өмір» атты докудрамасы мен Endemol-дың әлемге танымал жобалары - SupersizeSuperskinny, WipeOut USA, ExtremeMakeover: HomeEdition, SnogMarryAvoid және тағы басқалардың қазақстандық нұсқалары ұсынылатын болады.
Жаңа стратегиядағы отандық өнімдердің арасында бір-бірін іздеген жастарға арналған, қазақ тілдегі «Жар-жар» теле-шоуы бар. Жалпы аталмыш шетелдік компаниялардың «Жетінші арна» эфирінің құрылымындағы үлесі 2011 жылы 25 пайызды құрайтын болады.
Еске салайық, «Жетінші арна» 2009 жылдың 9 қыркүйегінде «Эра» елордалық телеарнасының базасында құрылып, республика аумағына таратыла бастады. 2010 жылдың соңына қарай телеарнаның эфирлік сигналы Қазақстан халқының 70 пайызына қолжетімді болды.