Бүгіннен бастап 86 қызметтің ақысы онлайн-кассалық бақылау арқылы төленеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап еліміздегі 86 қызмет түрі онлайн-кассалық бақылау арқылы жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 206 «Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру кезінде салық төлеушілер ақшалай есеп айырысу кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» бұйрығына енгізілген өзгертулер мен пен толықтырулар күшіне енді.

Аталмыш бұйрық 2019 жылы онлайн-бақылау-кассалық машиналарды қолданатын қызмет түрлерін кеңейтуді көздейді.

ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, биыл тоқсан сайынғы негізде 633 қызмет түрі онлайн-бақылау кассалық машиналарын қолдануға көшуі тиіс.

1 сәуірден 323 қызмет түрін, 1 қазаннан бастап 224 қызмет түрін көрсетушілер онлайн-касса арқылы есеп айырысады.

Бір айта кетерлігі, бұл бұйрықтың интернетпен қамтылмаған елді мекендерге қатысы жоқ.

«Онлайн-БКМ қолдану бойынша талаптар телекоммуникация желілері жоқ аумақтарда қызмет көрсететін салық төлеушілерге қолданылмайды. Жалпы бақылау кассалық машиналарды қолдану тәртібі салық кодексінің 166-бабымен реттеледі», - делінген комитеттің ақпаратында.

Кодекске сәйкес, БКМ қолдану талабы төмендегі тұлғалардың ақшалай есеп айырысуына қолданылмайды:

1) жеке тұлғалар;

2) адвокаттар мен медиаторлар;

3) акцизделетін тауарларды өткізушілерден басқа жеке кәсіпкерлерге

патент бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерге 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін;

бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнайы салық режимі шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін;

4) билет бере отырып, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде;

5) Қазақстан Республикасы ұлттық банкіне;

6) екінші деңгейдегі банктерге.