Бүгіннен бастап М. Әблязовтің жұбайы кез келген елге шыға алады - ҚР СІМ

None
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан құқыққорғау органдарының ықпалымен Мұхтар Әблязовтің отбасына жаңа төлқұжаттар беріліп, олар шетелдік виза алу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Үсенов мәлім етті.

«ҚР құқық қорғау органдары Алма Шалабаеваға қатысты бұлтартпау шарасын Алматы қаласынан тыс ешқайда шықпау туралы қолхаттан қаржылық кепiлдiкке өзгерту туралы шешiм қабылдады. Бұл шешiм Алма Шалабаеваның жеке өтiнiшi, сондай-ақ Италия үкiметінің өтініші негiзiнде қабылданды. Италия Қазақстанның маңызды серiктесi болып табылады. Осы орайда, бiз аталған мәселеге қатысты осы елдiң Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесе отырып, сындарлы жұмыс атқардық», - дедi Ж.Үсенов.

Ж. Үсенов атап өткендей, Қазақстанның құқық қорғау органдары Алма Шалабаеваға және оның қызына жаңа төлқұжаттарды алуға көмектестi.

«Алма Шалабаева ағымдағы жылдың шiлде айынан бастап Алматы қаласындағы ата- анасының үйінде тұрып келдi. Қазақстанның құқық қорғау органдары Алма Шалабаеваға және оның қызына жаңа төлқұжаттарды алуға көмек көрсеттi. Осыған байланысты олар шетелдiк виза алу мүмкiндiгiне ие болып отыр. Бүгiннен бастап ол өзiнiң қалауы бойынша кез келген мемлекетке шыға алады», - дедi ол.