«Бүгіннің баласы - болашақтың данасы» фестивалі басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық балалар үйлері дарынды тәрбиеленушілерінің Астана қаласына келуі үлкен мейрамға айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күні кеше Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі балалар бас қосты. Балаларды Астана қаласында ең бірінші болып аниматорлар қарсы алып, әуе шарларына толы мейрам басталып кетті.

Бүгін, яғни 28 маусым күні «Қазмедиа Орталығында» 315-ке жуық болашақ жұлдыздар бір сахна төрінде өнерлерін паш етуде.

«Бүгін балалар үшін үлкен қуаныш, еліміздің әр өңірінен келген жас бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салып жатыр. Осындай кең көлемді шараның ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын, себебі балалар бұл жерде жарысқа түсіп қана қоймай, бір-бірімен танысып, достасады. Біздің балалар үйінен 38 жеткіншек келді, фестивальдің барлық номицаясы бойынша қатысамыз. Дайындығымыз жоғары деңгейде, сондықтан жүлделі орындардан үмітіміз зор», - деді №1 Алматы облыстық балалар үйінің тәрбиешісі Жәмила Мырзахметова.

Сондай-ақ фестиваль ұйымдастырушылары арман қуып, Астана қаласына келе жатқан жеткіншектерге ақ тілегін білдіріп, фестиваль маңызы жайында ой қозғады.
  

«Мен фестивальға би және сән өнері номинациялары бойынша қатысып жатырмын. Фестиваль енді басталса да, басқа қалалардан келген балалармен танысып, араласып кеттім. Қарсыластарыма сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін», - дейді фестиваль қатысушысы, №1 Алматы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Арайлым Талдыбаева.

Фестивальдің әділқазылар құрамында Меруерт Өтекешова, Марат Омаров, Бауыржан Ибрагимов, Жеңіс Ысқақова, тағы басқа мәдениет және өнер қайраткерлері бар.

Айта кетейік, фестивальді ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Актив лайф» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі және Бахытжан Тажиновтың Шығармашылық шеберханасы.