Бұл жолы А және В тобындағы құрамалар екінші тур ойындарын өткізеді.
А тобында 18 маусымда Қазақстан уақытымен 21:00-де Чехия және Оңтүстік Африка құрамалары шеберлік байқасса, бұл топта 19 маусымда сағат 06:00-де Мексика мен Оңтүстік Корея жасыл алаңға шығады.
Алғашқы турда Оңтүстік Корея Чехияны 2:1, Мексика Оңтүстік Африканы 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ В тобында 19 маусымда сағат 00:00-де Швейцария - Босния және Герцоговина, 03:00-де Канада мен Қатар кездеседі.
Бірінші турда Канада - Босния және Герцоговина, Қатар мен швейцария 1:1 есебімен тең түсті.
Әлем чемпионатының финалдық кезеңі бір айдан астам уақытқа созылады. Турнир жеңімпазы 19 шілде күні Истер-Ратерфорд қаласындағы MetLife стадионында анықталады.
Биылғы дода бірнеше көрсеткіш бойынша рекорд жаңартпақ. Егер 1930 жылы өткен алғашқы әлем чемпионатына 13 құрама қатысқан болса, қазір олардың саны 48-ге жетті. Матчтар саны да тарихи максимумға жетіп, жанкүйерлерді жалпы 104 ойын күтіп тұр.
Турнирдің басты жаңалықтарының бірі – жарыс форматының өзгеруі. Топтық кезеңде 48 құрама төрт командадан құралған 12 топқа бөлінеді. Плей-офф кезеңіне әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар, сондай-ақ үшінші орын иеленген құрамалардың ішіндегі үздік сегізі жолдама алады.
Еске салсақ, футболдан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды.