Бүгін Астанадағы төрт этноауылда мерекелік концерт болады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бүгін, 14 қыркүйек күні төрт этноауылда — Қазақ елі монументі, Ататүрік саябағы, Бәйтерек монументі және Орталық саябақ маңында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Концерттік бағдарламаға мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің шығармашылық ұжымдары мен солистері, сондай-ақ белгілі өнер қайраткерлері мен отандық эстрада жұлдыздары қатысады.
Этноауылдар мына орындарда орналасқан және осындай кесте бойынша жұмыс істейді:
Есіл ауданының аумағында Бәйтерек монументінің алаңында этноауыл ашылды. Ол сағат 11.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал 15 қыркүйекте (сағат 11.00-13.00) жабылады.
Сағат 18:00–ден бастап этноауыл аумағында «Наз» би театры мен елордалық цирк әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.
Алматы ауданында этноауыл Қазақ елі монументінің жанында орналасқан. Ол өз жұмысын 14 қыркүйекте (сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін) аяқтайды.
Байқоңыр ауданының аумағында этноауыл Ататүрік саябағында ұйымдастырылған. Этноауыл сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін ашық. Жұмысын 14 қыркүйек күні (сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін) аяқтайды.
Сағат 18.00-ден бастап этноауыл аумағында Қуыршақтар театры мен елордалық цирк әртістерінің қатысуымен «Балаларға базарлық» балалар бағдарламасы өтеді.
Нұра ауданының этноауылында концерттік бағдарлама сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті, оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам спортшы қатысты.