Ведомствоның дерегінше, орманды аумақтардағы өрт ошақтары әуе және жерүсті мониторингі нәтижесінде жедел түрде тіркелген. Жағдай анықталған сәттен бастап өртті ауыздықтау үшін қажетті күштер мен техникалар жұмылдырылды.
Оқиға орындарында орман шаруашылығының қызметкерлері, РМҚК «Қазавиаорманқорғау» мамандары және өрт сөндіру техникасы жұмыс жүргізіп жатыр.
— Қазіргі уақытта негізгі назар өрттің ұлғаюына және жақын орналасқан аумақтарға таралуына жол бермеуге бағытталған. Мамандар өрт ошақтарын оқшаулау, сөндіру және кейінгі бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.
Азаматтарды өрт қаупі күшейген кезеңде табиғи аумақтарда барынша сақ болуға шақырамыз. Орманға барған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, отты қараусыз қалдырмау, жанғыш материалдарды абайлап пайдалану және табиғатқа қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеу қажет.
Айта кетейік, 20 тамызда республика бойынша 3 орман өрті тіркелді.