Бүгін Ескендір Хасанғалиевке 85 жыл

Фото: Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 13 ақпан – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің туған күні. Тірі болғанда қазақ музыка өнерінің майталманы 85 жасқа толар еді.

Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған.

1959 жылы Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaльды-хор фaкультетiн, 1978 жылы Әль-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітірді.

Өмірін өнерге арнаған Хасанғалиевтің «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» әндерін білмейтін қазақ жоқ.

Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

Қазақтың ән өнеріне зор үлес қосқан сазгердің репертуарындағы авторлық туындылары ел жүрегінен ойып тұрып орын алған. Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы.

Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

Марапаттары: Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері. «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл медалі», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалінің иегері, Орал педагогика иниституты мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Композитор 2021 жылы 30 сәуірде коронавирустан қайтыс болды

Алматы музейінде Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Атамекен» – ел рухы» атты көрме ашылды. Онда композитордың жеке заттары мен фотосуреттері, марапаттары, сахналық костюмдері, партитуралары, музыкалық аспаптары, афишалар және отбасылық заттары тұр.