Бүгін Еуропа чемпионатында қай құрамалар ойнайды

Фото: Фото: instagram.com/euro2024

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының сегізінші ойын күні, 21 маусымда үш ойын өтеді.

Ең алдымен 18:00–де Е тобында Словакия мен Украина ойнайды.

Кездесу Дюссельдорф қаласындағы «Меркур Шпиль-Арена» стадионында болады.

Екі құрама бұған дейін сегіз мәрте кездесті. Украина үш, Словакия екі мәрте жеңіске жетсе, қалғаны тең нәтижемен аяқталды.

Бұл топтағы Румыния мен Бельгия кездесуі 22 маусымда өткізіледі.

Сондай-ақ D тобындағы Польша мен Австрия кездесуі 22.00-ге белгіленген.

Қазірге дейін құрамалар он бір ойында кездесіп, бесеуінде Польша, төртеуінде Австрия басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Кездесу Берлин қаласындағы «Олимпиаштадион» стадионында болады.

Аталған топтағы Нидерланд және Франция кездесуі 00.00-ге белгіленген.

Құрамалар қазірге дейін отыз екі мәрте кездесіп, он бірі Нидерланд, он жетісі Францияның басымдығымен аяқталса, қалғанында тең нәтижеге қанағат білдірді.

Ойын Лейпциг қаласындағы «Ред Булл-Арена — Центральштадион» стадионында өтеді.

Алғашқы турда Франция Австрияны 1:0, Нидерланд Польшаны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Көш басында үш ұпаймен Франция мен Нидерланд келеді. Ал Польша мен Австрияның еншісінде ұпай жоқ.

Ойындардың бәрі Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, 20 маусымда В тобында Испания Италияны 1:0, есебімен жеңсе, С тобында Словения мен Сербия, Англия мен Дания 1:1 есебімен тең түсті.