Бүгін Еуропа лигасының жартылай финал ойындары өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 1 мамырда футболдан UEFA Еуропа лигасы жартылай финалындағы алғашқы ойындар өткізіледі.
Жарыстың аталған сатысындағы кездесудің бірінде «Атлетик Бильбао» (Испания) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) шеберлік байқасады.
Екі команда бұған дейін төрт мәрте ойнады. Оның екеуінде англиялық клуб басымдық танытса, біреуінде тең нәтиже тіркелді.
Алған жарақатына байланысты жартылай қорғаушылар «Атлетик Бильбао» сапынан Ойан Сансет, Унаи Гомес бүгінгі ойыннан тыс қалып отыр.
Ал «Манчестер Юнайтед» қатарынан аргентиналық Лисандро Мартинес, Диогу Дало, Айден Хевен, жартылай қорғаушы Тоби Коллайер, шабуылшы Джошуа Зиркзее жасыл алаңға шықпайды.
Сондай-ақ тағы бір кездесуде «Тоттенхэм Хотспур» (Англия) мен «Бодо-Глимт» (Норвегия) ойнайды.
Бұл кездесуге «Тоттенхэм Хотспур» қатарынан қорғаушы Раду Дрэгушин, шабуылшы Сон Хын Мин, «Бодо-Глимт» қатарынан қорғаушы Один Бёртуфт, жартылай қорғаушы Сивер Скейде, шабуылшы Оле-Дидрик Бломберг жарақатына байланысты қатыспайды.
Ал норвегиялық клубтан бұдан бұрынғы ойындардағы ескертуіне байланысты жартылай қорғаушылар Патрик Берг, Хокон Эвьен, шабуылшы Андреас Хельмерсен кездесуге қатысудан тыс қалып отыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойындар өткізілді.