Бүгін футболдан бірінші лигада Қазақстан чемпионатының алғашқы туры өтеді

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 9 сәуірде футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты басталады.

Доп додасында 14 команда бақ сынайды. Алғашқы тур ойындары 9-10 сәуір күндеріне белгіленген.

Бүгін, 9 сәуірде «Түркістан» мен «Шахтер» (Қарағанды), «Каспий» (Ақтау) мен AKAS (Алматы), «Ертіс» (Павлодар) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы) командалары кездеседі.

Ал 10 сәуірде «Оңтүстік Академия» (Шымкент) мен «Алтай» (Өскемен), «Тараз» бен «Жетісай» (Түркістан облысы), «SD Family» (Астана) мен «Қайрат-2» (Алматы), «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Ақтөбе-2» ойнайды.

Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді. Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.

Айта кетсек, футболдан екінші лиганың ойындары кеше, 8 сәуірде басталды.

Биылғы маусымға барлығы 20 команда қатысады. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда төртеуге аз. Командалар биыл да екі конференцияға бөлініп, бірінші лигаға берілетін жолдаманы сарапқа салады.