Бүгін футболдан ел біріншілігі қайта жалғасады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 30 наурызда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының үшінші туры басталаып, доп додасы қайта жалғасады.
Ел құрамасының Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы ойындарына байланысты біріншілікте аздаған үзіліс болды.
Үш аптадан астам уақыттан кейін ол қайта жалғасады.
Бүгін, 30 наурызда үшінші турдың екі ойыны өткізіледі.
Алдымен 14:00–де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Тұран» (Түркістан) командалары кездессе, 16:30–де «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) шеберлік байқасады.
Ал 31 наурызда 14:00–де «Кызылжар» (Петропавл) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана) ойнаса, 16:30–де «Астана» мен «Елімай» (Семей) жасыл алаңға шығады.
Аталған турды 19:00–де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы) түйіндейді.
Бұл турдың ойындарын «Qazsport», «Q Football», «Q Arena» телеарналары мен QFL.KZ сайтында тамашалауға болады.
Айта кетсек, алғашқы екі турдан кейін 6 ұпаймен «Тобыл» мен «Астана» көш басында келеді.
Одан кейінгі орында «Ордабасы» 4 ұпаймен тұр.