АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Лига кубогы турнирінің екінші туры басталады. Биыл алғаш рет жалауын көтерген турнирде 16 команда 4 топта сынға түсіп, әрқайсысы 3 ойыннан өткізіп жатыр.
Бүгін, 5 шілдеде С тобында сағат 20:00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Атырау» командалары жасыл алаңға шығады. Бұл топтағы «Ордабасы» (Шымкент) мен «Елімай» (Семей) кездесуі 6 шілдеде сағат 20:00-ге жоспарланған.
6 шілдеде В тобында 18:00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе», 20.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасады. Сондай-ақ 7 шілдеде А тобында 17:00-де «Ақжайық» пен «Тараз», «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайрат» (Алматы) кездеседі.
Дәл сол күні D тобында 20:00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Астана» мен «Каспий» (Ақтау) сынға түседі.
Айта кетсек, жартылай финалда 10-11 тамыз бен 30 қазанда А мен В, С мен D топтарының жеңімпаздары ойнайды. Финал 24 қарашаға жоспарланған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Лига кубогының бірінші тур ойындары өткізілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.