АСТАНА. KAZINFORM — 23 наурызда футзалдан Қазақстан кубогы финалында алматылық «Қайрат» пен «Семей» командалары кездеседі.
Аталған ойын елорда уақытымен 18:55–те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жартылай финалда «Қайрат» Рудныйдың «Аят» командасын 3:0, «Семей» «Ақтөбені» 5:2 есебімен жеңді.
2024 жылы екі команда Қазақстан кубогы финалында шеберлік байқасқан еді. Ол жолы алматылық клуб жеңіс тұғырына көтерілді.
Қазақстан кубогы 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Содан бері «Қайрат» он тоғыз мәрте кубокты төбесіне көтерсе, олардан басқа қарағандылық «Тұлпар», ақтаулық «Мұнайшы», «Ақтөбе» және өзге клубтар жеңімпаз болды.
Еске салсақ, футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы екінші орын алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.