АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 8 қыркүйек күні Алматы қаласында өтетін футзалдан Қазақстан мен Аргентина құрамалары арасында жолдастық матч қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды.
Кездесу елорда уақытымен сағат 19:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасы сайтынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аргентина құрамасы әлем чемпионатына 10 мәрте қатысты. 2016 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдеге қол созды. Оңтүстік Америка құрлығында үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілген.
Айта кетсек, биыл 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатында ел құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады.
Ал Аргентина құрамасы С тобында Украина, Ауғанстан және Анголамен шеберлік байқасады.
Қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Тәжікстан құрамасымен екі мәрте жолдастық кездесуде 4:3, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Одан кейін Иран құрамасын алдымен 3:0 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін 1:1 есебімен тең түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.