Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының 15-тур ойындары басталады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 15-туры басталады.
Аталған тур 4, 5 және 6 шілде күндері өтеді. Бүгін 1 ойын болса, 5 шілдеде 4, 6 шілдеде 2 кездесу белгіленген.
Бүгін сағат 20:00-де «Қайрат» (Алматы) пен «Тұран» (Түркістан) ойнайды. Ал 5 шілдеде 18:00-де «Жеңіс» (Астана) пен «Ұлытау» (Жезқазған), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ордабасы» (Шымкент), 20:00-де «Ақтөбе» мен «Атырау», «Елімай» (Семей) мен «Тобыл» (Қостанай) ойнайды.
Сондай-ақ 6 шілдеде 19:00-де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Астана», 20:00-де «Оқжетпес» (Көкшетау) мен «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.
Айта кетсек, қазір көш басында 34 ұпаймен «Астана» келеді. Одан кейінгі орындардағы «Қайраттың» 33, «Ақтөбенің» 29 ұпайы бар.
Сұрмергендер көшінде Дастан Сәтпаев («Қайрат») 8 голмен көш басында тұрса, одан кейін Марин Томасов («Астана»), Дәурен Жұмат («Оқжетпес»), Назми Грипши («Астана») 7 гол соғып үлгерді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Андрей Ферапонтов «Оқжетпес» командасы бас бапкері қызметінен кетті.