Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК 13 қыркүйекте Қазақстан аумағында күтілетін қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады.

Фото: Pixabay.com

Атмосфералық фронтальды бөлімдердің әсерінен еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады.

Шығыс өңірлерде қатты жауын күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түседі.

- Түнде Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының батысы мен солтүстігінде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Сондай-ақ Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде және шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік күтіледі, - делінген ақпаратта.

Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Ақмола облысының солтүстік-батысында, Батыс Қазақстан облысының шығысында, Атырау облысының батысында, Ақтөбе облысының батысы мен орталығында, Қарағанды облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Ал Алматы, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Жетісу облыстарында, Ұлытау облысының оңтүстігінде, Маңғыстау облысының солтүстік-батысы, орталығы мен оңтүстігінде, Батыс Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының шығысында төтенше өрт қаупі болжанып отыр.