Қаладағы тұрғын үйлерге 20-шы қазанан бастап жылу беріледі деп күтілуде. Әлеуметтік нысандарда кезең-кезеңімен жүйеге қосылады.
«Жылу энерго орталық биылғы қысқы маусымды 6 қазандықпен бастап отыр. Соның біреуі бүгін іске қосылды. Қалғаны резервте тұр. Жалпы биыл тозығы жеткен қазандықтар қайта құру жұмыстарынан өтті. Атап айтқанда, №8,11,9,10 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Қалған №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде» - деді Саяхат Ыбышев.
Жылу энерго орталықтағы қазандықтардың күл ұстағышынан бастап, төбесіндегі мұржасына дейін ауысты. Сондай-ақ, жаңадан орнатылған қазандықтарды келешекте газға ауыстыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, алдағы уақытта орталық көмірден газға көшетін болады.
Сондай-ақ, биыл Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. Оған республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге қаралды. Сонымен қатар 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленді.
Айта кетейік, Кентау қаласының жылу электр орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылған. Сондай-ақ, негізгі материалдық жабдықтарының 85 пайызы тозған болатын. Бүгінде ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан болып табылады. Қала бойынша жылу тұтынушы 3255 нысан болса, жалпы 16 мыңға жуық абонент бар.