Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы жалғасады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін түстен кейін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысы басталады. Бұл туралы бүгін ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова мәлім етті.
Айта кетейік, 24 қаңтар күні Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Ал бүгін таңертең бұл комиссияның екінші отырысы басталды.
Оның барысында үш негізгі спикердің баяндамалары тыңдалады — Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның. Олар 2025 жылдың қазан айынан бастап түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынды.
- Біз жалпы талқылаудың нысанасына айналуы тиіс нақты құқықтық тұжырымдамаларды көрдік. Еске сала кетейін, бұл ұсыныстар - бірнеше ай бойы жүргізілген жұмыс пен ашық қоғамдық талқылаудың нәтижесі. Сонымен қатар салыстырмалы кестені қосымша зерделеу және топтық талқылау үшін комиссия хатшылығы тиісті залдар мен техникалық құралдарды дайындады. Сондықтан біз бүгінгі жұмысымызды топтық отырыс түрінде өткізейік, - деді Э.Әзімова.
Осы орайда ол қазір техникалық үзілістен кейін топтық талқылаулар өтетінін айтты.
- Бұл ретте, бірінші топ «Парламенттік және өзге де институционалдық өзгерістер» мәселелерін талқылайды. Оған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жетекшілік етеді. Екінші топ «Сот төрелегі саласына қатысты өзгерістер» блогын қарайды. Талқылауда модератор ретінде Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева болады. Үшінші топ «Преамбуланың жалпы ережелеріне, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығы туралы» бөлімге қатысты жиынтық кестеде ұсынылған өзгерістермен жұмыс істейді. Бұл талқылауды Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жүргізеді, - деді Эльвира Әзімова.
Бұл тұрғыда дәл қазір Конституциялық комиссияның мүшелері жекелеген жұмыс секциялары аясында Негізгі заңға ұсынылған түзетулерді талқылауға кірісті.
- Комиссияның келесі отырысы бүгін сағат 16:00-де басталады. Осы отырыста жиынтық кесте бойынша сіздердің пікірлеріңізді тыңдаймыз, - деді ҚР Конституциялық Сотының төрағасы.
Толықтырылды: Комиссияның үшінші отырысы басталатын уақыт 17:00-ге ауысты.