Бүгін күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты басталады

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Болгарияның Самоков қаласында 20 жасқа дейінгілер арасында күрес түрлерінен әлем чемпионатында балуандар бақ сынайды. 

17-24 тамыз аралығында өтетін беделді бәсекеде қазақстандық балуандар әйелдер күресінен, грек-рим және еркін күрестен ел намысын қорғайды. Алдымен еркін күрес шеберлері боз кілемге шықса, одан кейін әйелдер күресінен жүлделер сарапқа салынады.

Әлем чемпионатын грек-рим күресінің балуандары түйіндейді.

Дүниежүзілік дода 1969 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін қазақстандық балуандар 10 алтын, 27 күміс, 39 қола медаль алды. 

Былтыр Испанияның Понтеведре қаласында өткен әлем чемпионатында ел құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлдемен медальдар кестесінде төртінші орынға тұрақтады.

Әлемдік додада Қазақстан әйелдер құрамасының атынан тоғыз балуан өнер көрсетеді. Олардың қатарында Мейрамгүл Ахметжан (50 келі), Алиана Махамбетова (55 келі), Анна Стратан (57 келі), Әнел Шоқабаева (59 келі), Айдана Шораева (62 келі), Қыз-Жібек Жарқынбаева (65 келі), Сабина Төрей (68 келі), Мейрамгүл Мақсот (72 келі) пен Алина Ертөстік (76 келі) бар.

Сондай-ақ әлем чемпионатында грек-рим күресінен ел құрамасы сапында бақ сынайтын балуандардың есімі белгілі болды. Бапкерлер Арсен Жұма (55 келі), Саламат Мұратұлы (60 келі), Дамир Ибрашов (63 келі), Әлібек Тұрлығазы (67 келі), Юсуф Ашрапов (72 келі), Ақжан Ықыласов (77 келі), Диас Сейітқалиев (82 келі), Темірлан Тұрдақын (87 келі), Нұрасыл Аманалы (97 келі), Қуаныш Амангелді (130 келі) сынды спортшыларға сенім білдірді.

Ал еркін күрестен Нұрданат Айтанов (57 келі), Аллан Оралбек(61 келі), Ералы Жеңісов (65 келі), Сұңқар Сейдахмет (70 келі), Досжан Құл-Ғайып, (74 келі), Ерхан Әбіл (79 келі), Қасымжомарт Әлин (86 келі), Камиль Куруглиев (92 келі), Самир Дурсунов (97 келі), Едіге Қасымбек (125 келі) ел намысын қорғайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақ күресінен әлем чемпионатында әскери қызметшілері 4 алтын медаль жеңіп алды.