Бүгін Лондонда Уимблдон турнирі басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен Уимблдон турнирінің алғашқы ойындары өтеді.
Қазақстандықтардан бірінші болып әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева ойнайды.
Ю.Путинцева өткен жылы әлемнің сол кездегі 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті ұтып, спорттық жолында алғаш рет төртінші айналымға дейін жеткен еді.
Қазақстандық теннисшінің биылғы қарсыласы – әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимова.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина ертең алғашқы айналымда рейтингіде 49-орындағы армениялық Элина Аванесянмен шеберлік байқасады.
Е.Рыбакинаның «Үлкен дулыға» жарыстарындағы ең үлкен табысы осы Уимблдонмен байланысты екендігі белгілі. Ол 2022 жылы чемпион атанса, өткен жылы жартылай финалда чехиялық Барбора Крейчиковаға жол берді. Кейін Б.Крейчикова жеңімпаз атанды.
Қазақстандық ерлер жарыс жолына 1 шілде күні қосылады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик испаниялық Хайме Муньярмен, Александр Шевченко америкалық Рейлли Опелкамен, Бейбіт Жұқаев италиялық Флавио Коболлимен кортқа шығады.
Өткен жылы Лондонда А.Бублик үшінші, А.Шевченко бірінші айналымнан аса алмаған еді. Ал Б.Жұқаев Уимблдонда негізгі жарыста алғаш рет өнер көрсетпек.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 8-ракеткасы Анна Данилина Уимблдонда чехиялық Мари Боузковамен бірге бақ сынайды. Осының алдында қазақстандық теннисші М.Боузковамен жұптасып, Истбурнда үздік шыққан еді.
Сондай-ақ Ю.Путинцева жұптық сында америкалық Питон Стирнспен, А.Бублик Ф.Коболлимен бірге бәсекеге түседі. Басқа қазақстандық теннисшілер жұптық сындағы додаға қатыспайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ұлыбританиядағы турнирде топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Сербиядағы теннис турнирінде үздік шықты.
Анна Данилина әлемдік рейтингіде 8-орынға көтерілді.