Алматы мен Талғар арасындағы LRT желісі: жоба қай сатыда
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы мен Талғар арасында LRT желісі жүргізілуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Алматы облысының әкімдігі жауап берді.
2023 жылы Алматы мен Қонаевты байланыстыратын LRT желісін салу жобасы жарияланған болатын. Сол кезде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның инвесторы саналған түркиялық Tasyapi компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Алдын ала деректер бойынша Қонаевтан бөлек Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарын қамтитын желінің жалпы ұзындығы шамамен 146 шақырым болуы тиіс еді. Күн сайын өңірде тұратын 500 мың адам мегаполиске қатынап, жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді деп күтілді.
Kazinform агенттігі жобаның қазір қандай сатыда екенін анықтау үшін облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ресми сауал жолдады.
Ведомство мәліметінше, түркиялық Tasyapi Insaat компаниясы «Алматы – Талғар» бағыты бойынша ұзындығы 18 шақырымдық пилоттық жеңіл рельсті көлік жобасын жүзеге асыруды ұсынған.
— Жеңіл рельсті көлік жобасы қаржылық шарттардың сәйкессіздігіне байланысты тоқтатылды. Жобаның ауқымын ескере отырып, бұл мәселе алдағы уақытта республикалық деңгейде талқыланатын болады, — деп хабарлады басқармадан.
Сонымен қатар өңірдің көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік беретін қоғамдық көліктің баламалы түрлерін қарастыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Ресми жауапқа сәйкес, өңірдегі жол-инфрақұрылым жобаларына халықаралық инвесторлардың қызығушылығы сақталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда үш бағытта метроның 23 бекеті салынатынын жазғанбыз.