Ел біріншілігі 30 қазан-6 қараша аралығында Тараз қаласында болады. Алдымен 29 қазанда жеребе тарту рәсімі өткізілсе, боксшылар 30 қазан -1 қарашада алдын-ала жекпе-жекте сынға түседі. Одан кейін 2-3 қарашада ширек финал болса, 4-5 қарашада жартылай финал белгіленген. Ал 6 қарашада боксшылар финалда бас жүлдені сарапқа салады.
Ерлер бәсекесінде барлық 20 өңір қатысса, әйелдер сайысында 18 өңір (Ақтөбе мен Абай облысынан басқа) сынға түседі.
Өткен жылы ерлер арасында Түркістан облысы (3 алтын) топ жарса, әйелдер арасында негізгі бәсекелестік 3 мегаполистің арасында (2 алтын жүлдеден) өткен болатын.
Жазғы Азия ойындарының чемпиондары Төрехан Сабырхан (70 келі), Айбек Оралбай ( 90 келі), қола жүлдегерлер Махмуд Сабырхан (55 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Наталья Богданова (75 келі) және Қытайдағы әлем кубогының жеңімпазы Санжар Тәшкенбай, жарақатына байланысты Нұрбек Оралбай қатыспауға рұқсат алды.
Ал ерлер арасында жанкүйерлер Оразбек Асылқұлов (60 келі), Сабыржан Аққалықов (80 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) сынды боксшылардың жекпе-жегін тамашалай алады. Әйелдер арасында Назым Қызайбай (54 келі),
Аида Әбікеева (65 келі), Ләззат Күңгейбаева (80 келіден жоғары), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (60 келі) шаршы алаңға шығады.
Жекпе-жектер «Qazsport» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мәліметінше, финалға шыққан спортшылар алтын түстес қолғап және қорғаныс бас киімімен шаршы алаңда өнер көрсетеді.
Еске салсақ, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегін 2027 жылғы мамырда өткізгісі келетінін мәлімдеді.