Бүгін теннистен АҚШ ашық чемпионаты басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Нью-Йорк қаласында теннистен АҚШ ашық біріншілігі басталып, бастапқы нәтижелер белгілі болады.
Биылғы соңғы «Үлкен дулыға» турниріне жекелей сында Қазақстаннан бес теннисші қатысып, бақ сынайды.
Қазақстаннан алғашқы болып кортқа шықпақшы болып отырған әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик дүниежүзілік рейтингіде 77-орында тұрған қытайлық, 19 жастағы Цзюнчэн Шанмен шеберлік байқасады.
Әлемнің 60-ракеткасы Александр Шевченко рейтингіде 80-сатыдағы германиялық Доминик Кепфермен кездеседі.
Айтулы додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған Тимофей Скатовқа мықты қарсылас тап болды. Ол әлемнің 7-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачпен ойнайды.
2023 жылы қазақстандық үш теннисші де алғашқы бәсекесінде-ақ жеңіліп қалған екен.
Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингіде 194-сатыдағы аустралиялық Дестани Айаваны сынап көреді.
Ал рейтингіде 32-орындағы Юлия Путинцева Чехияның 19 жастағы жұлдызы Линда Носковамен кортқа шығады.
Л.Носкова нағыз бабында деуге болады. Линда кеше таңда Монтеррей (Мексика) WTA 500 жарысының финалында жаңазеландиялық Лулу Сунды 7:6 (8:6), 6:4 есебімен қапы қалдырып, чемпион атанды. Осы табысы арқасында чехиялық теннисші 35-тен 25-сатыға көтеріліп, спорттық жолында рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Енді Носкованы Путинцева тоқтата ала ма, оны корт көрсетеді.
Өткен жылы Е.Рыбакина үшінші, Ю.Путинцева бірінші айналымнан аса алмаған болатын.
Сонымен қатар жұптық сында Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен, Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен, Ю.Путинцева канадалық Лейла Фернандеспен бірге аламанға қосылады.
Екі аптаға созылатын АҚШ ашық чемпионаты 8 қыркүйекте мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Мексикада финалға бір қадам жетпей тоқтағанын жазған болатынбыз.