Бүгін Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы бойынша нақты шешім шығады

Фото: Жәнібек Әлімханұлының Instagram-дағы парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы бойынша нақты шешім шығады.

Бұл мақсатта мамандар В сынамасын сарапқа салып, ол бойынша нақты жауабын айтады.

Сынамада отандасымыздың тыйым салынған препарат қолданғаны анықталса, кәсіпқой мансабына байланысты сұрақтар туындайды. Егер ол жалған болып шықса, мансабын қайта жалғастыруға мүмкіндік алады.

Айта кетсек, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы желтоқсан айындағы кезекті жекпе-жегі алдындағы допинг тестінен өтпей қалды.

Ол жөнінде спортшының өзі пікірін білдірді.

- Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер, - деді ол.

Осыған байланысты орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып тұрған Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBA чемпионы Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) арасындағы жылдың басты жекпе-жегі ресми түрде өтпейтіні белгілі болды.

Осыған байланысты ұйымдастырушылар Лараға басқа қарсылас тауып үлгерген. Жекпе-жек тоқтатылған соң, Лараға шұғыл түрде жаңа қарсылас белгіленді. Оның орнына венесуэльалық Йохан Гонсалес (36-4, 34 KO) шығатын болды.