Бүгін – Жеңіс күні
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыста жау әскерін түпкілікті талқандап, жеңіске жеткен күн. Биыл Жеңіске 80 жыл толды.
Германия әскері КСРО аумағына шабуыл жасаған 1941 жылдың 22 маусымы ТМД елдерінің ресми тарихында 4 жылға созылған алапат соғыстың басталған күні болып есептеледі.
Жеңісті жақындатуға Қазақстанның қосқан үлесі зор. 4 жылда қазақ даласынан 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы үйлеріне оралмады.
Ал тылда Қазақстан шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, майданда атылған әр он оқтың тоғызы отандық зауыттарда құйылды. 1500 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелтілді. Жеңіл өнеркәсіп 2 миллион сарбазды киіммен қамтамасыз етті.
78 госпиталь жаралыларға көмек көрсетті.
Халық қорғаныс қорына 4 миллион рубльден астам қаражат аударды.
1945 жылы студенттер жинаған қаржыға жасақталған танк колоннасы Берлинді алған шайқасқа қатысты.
2025 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 105 ардагері және Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 40 707 азамат тұрады.
7 мамыр күні елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп, Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш айбыны көрсетілді.
- Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты жауынгерлер ерліктің озық үлгісін көрсеткенін атап өтті.
- Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды. Тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс, - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елордадағы «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойып, қазақстандық майдангерлердің рухына тағзым етті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс Жеңістің 80 жылдығына орай 9 мамырда демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылатын мерекелік отшашу өтеді.
Еске салсақ, ТМД елдерінде 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды.