Бүгін жеті облыста үсік жүреді - Қазгидромет
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК ел аумағында 26 мамырда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады.
Дерекке қарағанда, республиканың басым бөлігіне атмосфералық фронтальды бөлімдер әсер етеді. Сондықтан ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, елдің шығысында, оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жаууы болжанады.
Орталықта, шығыста, оңтүстік-шығыста бұршақ жауып, дауыл тұрады.
Тек батыста, солтүстік-батыста, елдің оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Республика бойынша желдің күшеюі мүмкін, ҚР-ның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында шаңды дауыл тұрып, түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман түседі.
- Түнде Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Ақтөбе облысының солтүстігінде, шығысында, Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Павлодар, Қарағанды облыстарының батысында, солтүстігінде, Ұлытау облысының солтүстігінде 1-6 градусқа дейін үсік жүреді, - деп жазылған болжамда.
Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында, Маңғыстау облысының батысында, Ақтөбе облысының батысында, Павлодар облысының шығысында, Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының шығысында, Атырау облысының солтүстігінде, шығысында, Түркістан облысының оңтүстігінде, Алматы облысының орталығында, Абай облысының оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Қызылорда облысында, Түркістан облысының солтүстігінде, шөлді және тау бөктері аудандарында, Жамбыл облысының батысында, шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Атырау облысының оңтүстігінде, батысында, Алматы облысының батысында, солтүстігінде, Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының шығысында, Абай облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі.
Айта кетейік, Қазақстанның барлық аумағында дауылды ескерту жарияланды.