Бүгінде БҰҰ алдында қандай сын-тегеуріндер тұр: халықаралық сарапшылардың пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қазан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Қазақстан халқына Жолдауында осы оқиғаға ерекше тоқталған еді. Халықаралық сарапшылар Kazinform агенттігіне берген сұхбатында БҰҰ-ның бүгінгі ахуалы туралы пікірлерін ортаға салды.
Нью-Йорктегі Withers заңгерлік фирмасының аға серіктесі Флориан Лавоның айтуынша, Қауіпсіздік кеңесін реформалау туралы пікірталас ондаған жылдар бойы жалғасып келеді және басты мәселе Кеңеске мүше елдер құрамын кеңейту төңірегінде болып отыр. Сондай-ақ, америкалық заңгер — «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту: заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін қажет реформалар» кітабының авторларының бірі.
— Флориан Лаво ханым, Сіздің пікіріңізше, БҰҰ 80 жылда қандай басты жетістіктерге жетті?
— 1945 жылы құрылғаннан бері БҰҰ мемлекеттер үшін шиеленістерді бейбіт жолмен шешу және ұжымдық қауіпсіздікті нығайту үшін маңызды форумға айналды. Ұйым отарсыздандыру процесін жүргізуге атсалысты; бітімгершілік тұрақтылықты қамтамасыз етудің таптырмас құралына айналды және тұтастай алғанда БҰҰ теңіз құқығынан бастап адам құқықтарына дейін қазіргі заманғы халықаралық құқық шеңберін бекітті.
Бұл жетістіктер БҰҰ-ның жаһандық маңызын көрсетеді.
Ұйым сондай-ақ әмбебап құндылықтар мен ұзақ мерзімді мақсаттар бойынша консенсусты қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. 1948 жылы Бас Ассамблеяның Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын қабылдауы, халықаралық қылмыстық трибуналдардың құрылуы және 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібінің қабылдануы — мұның бәрі Ұйымның жаһандық стандарттарды белгілеуге қабілетті екенін көрсетеді. Бүгінде жаһанды жайлаған проблемаларға қарамастан, БҰҰ халықаралық тәртіпті қалыптастырғанын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе бұлай болады деп ұйым енді құрылып жатқанда ешкім елестете алмаған еді.
— БҰҰ қазіргі таңда қандай сын-тегеуріндерге, дағдарыстарға тап болды?
— БҰҰ бүгінде оның легитимділігі мен тиімділігін тексеретін дағдарыстарға тап болып отыр. Бірнеше аймақтағы қақтығыстар, Жарғының үнемі бұзылуы, геосаяси келіспеушіліктердің күшеюі Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын тым жиі тұралатып, осы органның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қабілетіне деген сенімге нұқсан келтіреді.
Сенімнің жоғалуы көпжақтылықтың негіздеріне қауіп төндіреді.
Сонымен қатар климаттың өзгеруі, пандемиялар және киберқауіптер сияқты трансұлттық сын-қатерлер ынтымақтастық орнатуды талап етеді, оған бірде-бір мемлекет жалғыз өзі қол жеткізе алмайды.
Осындай ұжымдық іс-қимылдарға негіздеме жасауда БҰҰ-ға әлі де балама жоқ екенін көріп отырмыз. Бірақ егер біз қырық пышақ болып бөлініп отырған әлемде БҰҰ өзекті болып қала берсін десек, оның дер кезінде қаймықпай әрекет ету қабілетіне деген сенімді қалпына келтіру маңызды.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ны, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажет деген пікір білдіріп жүр. Сіздің ойыңызша, Кеңес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің бас төрешісі қызметін қалпына келтіруі үшін қандай амалдар қажет?
— Бұл саяси тұрғыдан күрделі мәселе болғанымен, таяу болашақта Кеңестің тиімділігін арттыра алатын нақты және заңдық тұрғыдан негізделген шаралар бар.
Осындай шаралардың бірі — Жарғының 27 (3) бабы бойынша консультативтік қорытынды алу үшін Халықаралық сотқа жүгіну, ол мүше-мемлекет шиеленіске тартылған тарап болған кезде белгілі бір қарарлар бойынша дауыс беруге қатыспауын белгілейді.
Соттың консультативтік қорытындыларының міндетті күші болмаса да, мұндай қорытынды бұл жағдайда БҰҰ-ның басты сот органының шешімі ретінде елеулі заңды беделге және моральдық салмаққа ие болар еді.
Мұндай қорытынды Қауіпсіздік Кеңесінің БҰҰ Жарғысына сәйкес әрекет етуіне, мүше мемлекеттерге бағыт-бағдар беруіне, өз міндеттемелерін орындамағаны үшін саяси бағаны көтеруге көмектесуі мүмкін. Вето құқығын ерікті түрде шектеу жөніндегі бастамалармен қатар, мұндай тәсіл Ұйым Жарғысына түзетулер енгізбей-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің беделін арттыра алады.
— Еуропалық одақтың Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты қазіргі тәсілдерін, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалау жөніндегі ұстанымын қалай бағалайсыз?
— Еуропалық одақ көпжақты жүйеге және Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөліне бейілділігін дәйекті түрде растап отыр.
ЕО-ға мүше мемлекеттер бітімгершілік операциялардың, гуманитарлық көмектің және даму бастамаларының ең белсенді қатысушыларының бірі және олар неғұрлым өкілетті, ашық және тиімді болатын Қауіпсіздік Кеңесін құруды қолдайды.
ЕО-ға мүше мемлекеттердің реформаның нақты контурына қатысты бірыңғай ұстанымы болмаса да, олар Кеңестің легитимділігін және оның әрекет ету қабілетін нығайту қажеттілігі туралы ортақ пікірде.
Есептілік пен ашықтықты арттыруға, соның ішінде Бас Ассамблеямен неғұрлым белсенді өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамалар осы ұжымдық бейілділікті көрсетеді.
Бұл ретте Еуропалық одақ БҰҰ-ны нығайтуда және оның қазіргі заманның өзекті міндеттерін шешу қабілетін қолдауда маңызды рөл атқарып келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында қандай сын-қатерлер тұрғанын Норвегиядағы халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Роман Вакульчук та айтып берді.
— 80 жыл ішінде БҰҰ қай салаларда өзін барынша табысты ұйым ретінде көрсетті?
— БҰҰ қызметінің соңғы 80 жылдағы ең табысты салаларынан мыналарды бөліп көрсетуге болады: гуманитарлық көмек пен денсаулық сақтау саласындағы жаһандық бастамаларға жәрдемдесу (мысалы, бірқатар ауруларды жою), халықаралық құқықты дамыту, бейбітшілікті қолдау миссияларын өрістету. Сондай-ақ БҰҰ климат туралы ғылымды дамытуда және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді шешуде негізгі рөл атқарады.
1992 жылы құрылған БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға шешуші үлес қосты. Бұл күн тәртібі Киото хаттамасы мен Париж келісімі сияқты құжаттарды қабылдау арқылы ғаламшарды декарбонизациялау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ БҰҰ-ның тұрақты даму күн тәртібін нығайтуға қосқан үлесі аса маңызды. 2015 жылы БҰҰ бүкіл планета үшін 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы 17 мақсатты қабылдады. Бұл жаһандық мақсаттар кедейлік, теңсіздік, сапалы білімге қолжетімділік, климаттың өзгеруі және басқа да жаһандық проблемаларды шешу арқылы неғұрлым тұрақты және әділетті болашақ құруға бағытталған.
— БҰҰ жүйесін реформалау қажет пе? Қандай өзгерістер керек?
— Ұзақ жылдар бойы БҰҰ ондаған бағыт бойынша маңызды миссияларды орындап келді және белгілі бір сәтте ресурстардың жетіспеушілігіне және институционалдық шекаралардың бұзылуына тап болды, өйткені жаңа халықаралық ұйымдар мен бастамалар пайда болып, олар БҰҰ-ның көптеген функцияларын өз мойнына алып, оларды қайталай бастады.
Нәтижесінде БҰҰ-ның кейбір салаларда тиімділігі төмендеді. Сондықтан, ұйымның өзі үшін миссияларының мандаттарын қайта қарау және жаңарту, ресурстарды пайдалануды оңтайландыру, өз бағдарламаларының нәтижелілігі мен тиімділігін бағалауды жақсарту қажет. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 2025 жылдың наурызында осы мәселелерді шешу үшін «БҰҰ-80» реформасы бастамасын көтерді.
Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау тақырыбы талқыланып жатқанын атап өткен жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен «ШЫҰ плюс» саммитінде «БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы — Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда, басқа жол жоқ» деген болатын.
— Қазіргі геосаяси жағдайда БҰҰ Еуропа аймағында қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін?
— Қауіпсіздік, босқындар және көші-қон, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды тұрақты пайдалану мәселелері алдағы жылдары БҰҰ үшін еуропалық аймақтағы негізгі проблемалар болып қала береді.
— БҰҰ-ның өңірлік ұйымдармен, мысалы, Еуроодақпен өзара іс-қимылын қалай бағалайсыз?
— БҰҰ Орнықты даму мақсаттары бойынша ЕО-мен тығыз ынтымақтасып отыр, ол ЕО саяси бағдарламасының ажырамас бөлігі әрі оның даму стратегиясына біріктірілген. ЕО өзінің бюджетіне, экономикалық басқару жүйесіне және Еуропалық жасыл бағыт және климаттың өзгеруіне қарсы күрес сияқты әртүрлі салалық стратегияларды қоса алғанда, көптеген тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Мысалы, Еуростат ЕО-ның ОДМ-ға қол жеткізудегі прогресін арнайы көрсеткіштердің көмегімен бақылайды және жыл сайын олар бойынша есеп береді. Сондай-ақ БҰҰ мен ЕО арасында басқа да бірқатар мәселелер мен бағыттар бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде.
— БҰҰ Еуропа аймағындағы қандай сын-қатерлермен күресуге көмектесті?
— БҰҰ Еуропа аймағында бейбітшілік пен сенімді нығайту, тұрақты даму, климат, босқындар мен көші-қон және басқа да көптеген мәселе бойынша маңызды үлес қосты. 1947 жылы БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) құрылды және бүгінде жұмыс істеп тұр, ол ЕО-ға өңірлік интеграцияны ілгерілету мәселелерімен айналысады.
Бұған дейін Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы ашылғанын жазған болатынбыз.