Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері Мұхтархан Ділдәбеков Қайтпас шағынауданында орналасқан №270 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.
«Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін мереке секілді басталды. Таңертеңнен келіп өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Бүгін халқымыздың қабылдайтиын шешімі еліміздің, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашады деп сенемін», - деді Мұхтархан Қабланбекұлы.
Ал, Ақжайық шағынауданындағы «Тұлпар» балабақшасында орналасқан №218 референдум учаскесінде қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Шалатай Мырзахметов отбасыларымен бірге келіп, өз таңдауларын жасады.
«Бүгін халқымыз атом электр станциясының құрылысына байланысты маңызды шешім қабылдайды», - деді Ш.Мырзахметов.
Ал, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ел тағдырына жаны ашитын азамат ретінде референдумға белсенді түрде қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруге келгенін жеткізді.