Бұқар жырау аудандық ауруханасындағы мүгедектерге арналған палаталар талапқа сай емес екені анықталды - Қарағанды облысы

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында санитарлық қызмет өкілдері Бұқар жырау аудандық ауруханасындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған палаталардың талапқа сай болмауына байланысты талап арыз түсіріп, оның қызметін тоқтатуды талап етіп отыр. Бұл туралы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қарағанды облысының МАЭС-і «Бұқар жырау ауданы тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы» РМБ-ның Орталық аудандық ауруханаға қатысты талап арызын қарастырып отыр. Уәкілетті орган мүгедектерге арналған палаталардың қызметін онда анықталған ҚР санитарлық ережелер мен нормалардың бұзушылықтары толық жойылғанша қызметін тоқтатуды сұрап отыр», - делінген хабарламада.

Талап арызында мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын бұзу фактісі аудандық ауруханада өткізілген жоспардан тыс прокурорлық тексеру кезінде анықталғаны аталып отыр. «Мүгедектерге арналған палаталардың кіреберістері автоматты түрде ашылатын және жабылатын (немесе жылжымалы) есіктермен жабдықталмаған. Дәліздегі қабырғалардың бойында мүгедектердің жүруі үшін ұстайтын тұтқалар болмады. Палаталарда санитарлық тораптар жоқ», - делінген арызда.