Бұқар жырау ауданындағы су тасқынына қарсы шаралар пысықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемгі мерзім қарсаңында Қарағанды облысының ТЖ департаменті облыстың су басу қаупі бар аймақтарын аралады. Департамент басшысы И.Күлшімбаев Бұқар жырау ауданына барды.

Сапар барысында су тасқыны зардаптарының алдын алу үшін жұмылдырылатын 36 техника мен 57 адамның дайындықтары тексерілді. Сонымен қатар ТЖД басшысы Бұқар жырау ауданының Төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша кезектен тыс комиссия отырысына қатысты. Ондағы басты мәселе - 2017 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық болды, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Аудандық әкімдіктің төрағалығымен өткен жиынға Бұқар жырау ауданының прокуроры, кент, ауыл әкімдері, азаматтық қорғаныс қызметтерінің басшылары, гидротехникалық құрылыстардың иелері, БАҚ өкілдері, «Қазсушар» РМК басшысы, «Қарағанды су қоймалары» ҚМК, «КНИИРС» ЖШС, «Спорт-Өмірі» ЖШС және басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысты.
Аудан әкімінің ақпараты бойынша биылғы көктемге дайындық аясында су тасқынынан халықты, ауыл шаруашылық субъектілерін қорғау бойынша аудандық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.

Аудандық топ 878 адам, 363 техника, 229 құрал-жабдық, қайықтардан жасақталады.
 

Қазір 29 тонна жанармай, 1,2 млн теңгенің дәрі - дәрмек қоры жасалған. Көшірілген тұрғындарды азық - түлікпен қамтамасыз ету бойынша келісім шарттар жасалды.

Ауданның су объектілеріне жақын орналасқан елді мекендердің су басуын болдырмау мақсатында мердігерлік ұйым 9 елдімекенді тексерді, мұзды жару жұмыстарын жүргізуге шарт жасалды.

Ауданның 20 елді мекені құлақтандыру локалды жүйелерімен жабдықталды, тағы да 4 елді мекенде құру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ДЭУ-1 «Қарағанды жолдары» ЖШС, ДЭУ-45 и ДЭУ-46 «Қазақавтожол» РМК ҚФ жол ұйымдарының басшылары тыңдалды.