Бұқара халықтың шағымдану жүйесін нығайту керек - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұқара халықтың шағымдану жүйесін нығайту керек. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Бұқара халықтың шағымдану жүйесін нығайту керек. Қызметкердің әрекеттеріне шағымдануға қатысты азаматтардың мүмкіндігі заңнама аясында кеңейтілуі керек. Бұдан бөлек, қоғамда өзін-өзі реттеудің тетігін кеңінен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Сондықтан мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағын біртіндеп, сатылап қысқартып, оған қатысты әлеуметтік мәнге ие қызметтердің өкілеттігін азаматтық қоғам институттарына беруге тиіспіз», - деді Н.Назарбаев.

Елбасының сөзіне қарағанда, азаматтық қоғамды дамыта түсудің оң нәтижелеріне қол жеткізілген соң барып, жергілікті атқарушы биліктің сайланбалылығы туралы мәселені шешуге болады.

«Осындай шаралардың бәрін сатылап жүзеге асырғаннан соң ғана Президенттен Парламентке және Үкіметке қарай биліктік өкілеттіктерді қайта бөлуді қарастыратын конституциялық реформалар жүзеге асуы шарт. Бұл ретте біздің бұрыннан қалыптасқан дәстүріміз де есепке алынуы тиіс», - деді Н.Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы аталған бес бағыттағы реформалар жинақтала келе, Қазақстанның мемлекеттігін нығайтып, әлемнің дамыған отыз еліне кіру мақсатына септігін тигізетінін атап өтті.