Бұқаралық ақпарат құралдары - нақты сот шешімдеріне ықпал ете алатын қуатты күш - Қазақстанның судьялар одағы

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Республикасының судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Михайловтың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары - нақты сот шешімдеріне ықпал ете алатын қуатты күш.

Бұл пікірін ол бүгін Астана қалалық сотының ғимаратында өтіп жатқан «Сот билігі және бұқаралық ақпарат құралдары» атты аймақтық семинар барысында мәлім етті.

В.Михайловтың пайымдауынша, тілшілердің басты мақсаты - қоғам өкілдерін елде болып жатқан оқиғалардан ашық түрде хабардар етіп, бірақ заң белгілеген межеден аспауы қажет. «Бұл туралы біз көптеген үлкен халықаралық деңгейдегі жиындарда жиі көтеріп жүрміз. Мен сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс жөнінде айтқанымда шетелдік әріптестеріміз Қазақстанның сот өкілдерінің тәуелсіз журналистермен кездесіп тұратындығын естіп таңдай қағысты. Алайда бұл елімізде шын мәнінде болып тұратын жағдай. Әрине, бұл кездесулер барысында тілшілер тарапынан сын-пікірлер де айтылып жатады. Оларды есту бізге де оңай емес. Дегенмен бұл пікірлер, шындыққа сай және сот қызметін жетілдіруге бағытталған болса, оны міндетті түрде назарға аламыз», - деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, елордада өтіп жатқан аймақтық семинарды Қазақстанның судьялар одағы, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорымен бірлесіп, АҚШ-тың демократиялық даму жөніндегі ЮСАЙД агенттігімен және АҚШ елшілігінің қолдауымен ұйымдастыруда. Жиынның мақсаты - диалог арқылы сот биілігі мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысқа қатысты мәселелерді талқылау болып табылады. Сондай-ақ аталмыш жиын сот пен БАҚ өкілдерінің сөз бостандығы мен сот саласында әділдікті қамтамасыз ету мақсатында әріптестік қатынасты нығайту және сот саласының ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Осыған қарай бүгінгі жиынға да сот өкілдерімен қатар бұрқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуда.