«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгеріс енгізілді

None
АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - «Зияткерлік меншікті жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға өзгеріс енгізді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров мәлім етті.

Атап айтқанда, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 13-бабы, 3-тармағында «өткізу тәртібі туралы» деген сөздерден кейін «Интернет желісіндегі авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» деген сөздер жазылатын болады. Бұдан басқа, 17-баптың 1-тармағы «1. Редакция, интернет-ресурстың меншік иесі пайдаланылатын зияткерлік меншік құқығының объектілеріне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлік меншiкке авторлық, сабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi», - деп өзгертілді. Ал 24-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылатын болды: «3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады, ал интернет-ресурстар болып табылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшін - Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру көзделеді».

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы қаңтардың 12-сі күні мемлекет басшысы «ҚР Зияткерлік меншікті жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. 31 қаңтардан бастап аталған заң күшіне енді.