Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тапсырыс туралы алқалы жиын өтеді

None
АЛМАТЫ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Астанада  3 шілдеде «БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыстың мәселелері мен болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны өтеді. 

Бұл шараны «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры,  Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі мен  Сорос-Қазақстан қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр.  Оған қазақстандық медиа-заңгерлер, тілшілер, БАҚ иелері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері және Ресей, Латвия, Грузиядан халықаралық медиа-сарапшылар қатысады. Мақсат -  БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыстың айқындылығы мен тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеу. 

Жыл сайын тек ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ғана мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қазақстандық БАҚ-тарға 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұдан бөлек шамамен дәл осындай көлемдегі қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады. Бұл алқалы жиынға қатысушылар - Бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі қалай есептеледі? Қазіргі жүйе отандық медиа-нарықтағы бәсекелестіктің дамуына өз үлесін қосып жатыр ма деген сияқты өзекті сауалдарды бірлесіп талқылайды. Шара кезінде  соңғы жылдары Қазақстандағы ақпараттық саясатты жүргізуге мемлекеттік тапсырыс алушылардың электронды базасы да таныстырылады. Сондай-ақ халықаралық Article 19 ұйымы дайындаған, осы саладағы еуропалық тәжірибе сараптамасы талқыға салынады.