15:51, 12 Мамыр 2009
Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне ешқандай кедергі жасалмайды - Мәжіліс депутаты Н. Сәрсенов
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Өткен жылы желтоқсанның 26-сында Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы келіп түскен болатын.
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті жұмыс тобын құрды. Бірнеше отырыстарда заң жобасы кең ауқымда талқыға салынды. Сәуірдің 29-ы күнгі Мәжілістің жалпы отырысында талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Қазір екінші оқылымға дайындалып жатыр. Осы заң жобасы қоғамда біраз пікірталас тудырғаны анық. Заң жобасындағы кейбір баптар бойынша депутаттардың да пікірі алуан түрлі болды. Осы орайда Мәжіліс депутаты Нұрдәулет Сәрсенов заң жобасының ұстанған мақсаты, оның Палатада талқылану барысында жаңадан енгізілген түзетулер жөніне ҚазАқпарат тілшісіне жан-жақты түсінік берді.
? Нұрдаулет Жұмағұлұлы, бірқатар заңдарға ақпараттық-коммуникациялық желілерге қатысты заң жобасы бойынша ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз? ? Жалпы, заңдар қоғамның әр саласында кейбір орын алған кемшіліктерді түзету үшін, ел қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің алдын алу үшін қабылданатыны белгілі. Аталған заң жобасымен біздің Аграрлық мәселелер комитеті де танысып шықты және өз қорытындысын берді. Мәжілісте бірінші оқылымда талқыланған кезде заң жобасының мақсаты жөнінде Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндама жасады. Жұмыс тобының жетекшісі болған әріптесім Мейрам Пішембаев депутаттар тарапынан енгізілген толықтырулар жөнінде айтып берді.? Бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қарсылық туғызған қандай норма еді? ? Үкіметтен келіп түскен заң жобасында ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді беруді реттеудің жаңа тетігі ұсынылды. Соған сәйкес ұлттық заңнамаға қайшы келетін ақпарат анықталған жағдайларда, сотқа міндетті түрде талапты енгізумен осы ақпаратты жариялауды тоқтата тұру туралы шешім прокуратура органдарымен қабылданатын болды. Заңнамаға сәйкес келмейтін ақпараттың жариялануын тоқтату туралы прокуратура органдарының шешімі провайдерлерге барлық ақпараттық-коммуникациялық желілерде аталған ақпаратқа қол жеткізілімін соттың шешіміне дейін тоқтатуға мүмкіндік беретін түзету қарастырылған еді. Осы іс-шараларды іске асыру мақсаттарында сотқа міндетті түрде талапты енгізумен, прокурорға мүмкіндік беретін (бұқаралық ақпарат құралының өнімдерін) ақпараттың жариялануын тоқтату туралы қаулының нормасын «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізу ұсынылған. Сондай-ақ заң жобада шетелдік интернет-ресурстарында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін ақпаратты орналастыру туралы өтінім сот іс-жүргізудің негізгі тәртібінде сотпен қаралатын болады. Заң жобасын қабылдау ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді беру үдерісіндегі қатынасты заңнамалық реттеудің қағидаттарын сапалы өзгертуге әкеледі. Алайда, заң жобасындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін Бас прокурордың тоқтатуы туралы норма мемлекетіміздің ұстанған демократиялық бағытына қайшы келетіні анық. Заң жобасын бірінші оқылымда талқылаған кезде әртүрлі пікірлер болды. Қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ұсыныс-пікірлері ескерілді. Менің бір топ әріптестерім осындай пікірді алға тарта келіп, өз ұсыныстарын берді. Айта кету керек, жаңа түзетуді депутаттар Мейрам Пішембаев, Қайрат Сәдуақасов, Қабиболла Жақыпов, Мұрат Әбенов, Светлана Ферхо, Ұзаққали Елеубаевтар ұсынып отыр.Ақпараттық-коммуникациялық желілерге қатысты заң жобасының 13-бабында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін Бас прокурордың тоқтатуы туралы норма қарастырылған болатын. Бұл норма екі айдан астам уақыт бойы баспасөзде талқыланып келді. Сондықтан есімдері аталған депутаттар ондай норманы алып тастау жөнінде шешімге келіп отыр. ? Егер Палата депутаттары қолдаса, нақты қандай норма мақұлданады? ? Үкімет ұсынған жоба Бас прокуратураға бұқаралық ақпарат құралдарының кез келген түрін үш тәулікке тоқтатып қоюға құқық беретін еді. Алайда, Бас прокурорға берілетін мұндай құқық жаңадан дамып келе жатқан мемлекет үшін, ашық қоғам құрып жатқан ынтамыз үшін, баспасөздің дамуы үшін үлкен кедергі болуы мүмкін деген оймен депутаттар Бас прокурорға ондай құқық беруді жөнсіз деп тапты. Енді осы ұсыныс қабылданатын болса, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне ешқандай кедергі жасалмайды. Ал заң бұзған немесе заңсыз ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі өздерінің меншік иелерінің немесе соттың шешімі арқылы тоқтатылатыны даусыз.
Жалпы, заң жобасының түпкі мақсаты елдің қауіпсіздігін қорғауға, рухани байлығын сақтауға, қоғамдық ортада мәдениетсіздікке жол бермеуге бағытталған. Бұл жерден бір дау тудыратындай түйткілді іздеудің қажеті жоқ.
? Рақмет әңгімеңізге.