Бұқаралық спортты халық арасына енгізуде студенттердің рөлі жоғары - Г.Әсембекова

АЛМАТЫ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Мемлекеттің жетекші жоғары оқу орны саналатын Қазақ ұлттық университетінде жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл жайында ҚазҰУ тілдерді дамыту және тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры Гүлнар Әсембекова «Біргеміз! Біз шылым, ішімдік пен есірткіні жеңеміз» атты акция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жыл сайын университет басшылығы мен студенттік қауым өкілдері бас қосып, шылым шегу, маскүнемдік пен есірткіге қарсы шараларды ұйымдастырып отырады. «Бүгінгі ұйымдастырылып отырған акция жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі университеттің саяси ұстанымы. Егер жастар білім мен ғылымға қоса спортты серік ететін болса, онда жастардың ала алмайтын қамалы жоқ дер едім. Елбасы соңғы Жолдауында спортты қалыпқа келтіру керектігін айтты. Бұқаралық спортты халық арасына енгізуде студенттердің рөлі жоғары», дейді Г.Әсембекова.