«Бүкіл қазақ «Қара жорғаға» билесін!» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 5-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 5-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің АҚШ-қа сапарын осы елдің Парламентіндегі Хельсинки комиссиясының өкілдерімен кездесуден бастады. Бұл комиссия - АҚШ Парламентінде Федералдық үкіметтен бөлек, тәуелсіз құрылған агенттік. Оның мүшелері қатарында 9 сенатор, 9 конгрессмен және 1 үкімет мүшесі бар», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Қазақстан бастамасы қызу қолданды» атты мақаласында.

«Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ықпалдастықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету және капитал мен жұмыс күштерінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау үшін, Үкімет 2010-2011 жылдарға арналған Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) құқықтық базасын әзірлеуге кіріскен. Бұл ақпаратты «Егемен Қазақстан» газеті Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр. «Кеңес барысында Бірыңғай экономикалық кеңістіктің барлық негізгі элементтерін қам­ти­тын және келісілген экономикалық саясат жүргізуге, бәсекелі саясатты қоса отырып, оның ішінде табиғи мо­нополияларды реттеудің және өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шы­лы­ғының дамуын мемлекеттік қол­дау­дың бірыңғай қағидаларын қам­ти­тын саясатты жүргізуге бағытталған 20 келісімнен тұратын базалық тізбе қаралды», деп жазады басылым.

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Онда палата Төрағасы алдағы онжылдықта еліміз дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын Жолдаудың рөлі мен маңызына кеңірек тоқталды. Қ.Тоқаев Жолдаудың негізгі қағидалары қоғамда қызу талқыланып жатқандығын, оның мемлекет дамуын жан-жақты нақтылайтын ауқымды стратегия екенін ерекше атады. Сенаттың жалпы отырысы арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Батыл бастамалар қысылтаяңда туады» деген тақырыппен жарық көрді. Жарияланымда Сенат Төрағасының «Жолдаудың бірегейлігі оның жаһандық қаржы дағдарысының ақтық кезеңінде, әлемдік экономиканың болашағы бұлыңғыр бо­лып тұрған сәтте жариялануында деп ойлаймын. Стратегия құн­ды, онда 2020 жылға қарай мемле­кеттің әлеуметтік-экономикалық өрлеуі­нің нақты тұстары көрініс тауып, межеленген көрсеткіштер айқын белгіленген. Бұл құжат бү­гінгі ала­са­пыран әлемде, мем­ле­кет­тің өр­кендеуі мен баянды да­муына деген зор сенім ұялатады!», деген сөзі келтірілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің «Үкімет» апталық қосымшасында бірқатар мақалалар топтамасы жарық көрген, назар салыңыз.

***

«Бүкіл қазақ «Қара жорғаға» билесін!». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарияланған мақалада Қытайда тұратын қандастарымыздың ұйымдастыруымен 13 мыңнан астам қыз-жігіт билеген «Қара жорға» «Гиннестің рекордтар кітабына» жазылғандығы айтыла келіп, енді осы биді елімізде жандандыруға келгенде кежегеміз кері тарта ма деген күдік шетін қылтитады. Осыған орай басылым «дене шынықтырып қана қоймай, делебе қоздыратын, бойға қуат құйып, шабыт беретін биді елімізде насихаттаудың бір әрі бірегей жолы әз-Наурыз тойында - 22-ші наурыз күні күндізгі сағат 12-де бүкіл қазақ «Қара жорғаға» билесе, ұлттық өнерге назар аударып, құрмет көрсетудің шынайы көрінісі осы болар еді», дейді. Сонымен қатар «Қара жорғаға» дайындықты «Айқын» бастады - бастама жасады» депті.

Таяуда Елбасы Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смаиловты қабылдап, 2009 жылы өткен халық санағының нақты қорытындысын шығарып, оның нәтижелерін бұқара халыққа жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай былық-шылығы мол болған жалпыұлттық халық санағының саны кеше жария етілді. Аталған тақырып арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қазақ халқы он миллионнан асты» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, 2009 жылғы ақпанның 24-інен 25-іне қарағандағы түнгі сағат 24:00-де Қазақстан халқының саны 16004,8 мың адамды құраған. Сөйтіп, 1999 жылғы санақпен салыстырғанда халық санының өсімі 6,8 пайызды құрап, республика халқының саны 1022,9 мың адамға артқан. Ал қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,1 пайызға артып, 10098,6 мың адамды құраған.

Жалпыұлттық халық санағының деректері «Алаш айнасы» газетінің де назарынан тыс қалмаған. Басылым «Ұлттық халық санағының сонша сарғайтып күттірген түпкілікті нәтижесі де жария етілді-ау. Былтыр жарияланған алдын ала нәтижелерде қазақтар еліміздің барша тұрғындарының 67 пайызына жетті деп сүйіншілеп едік. Одан кейінгі бір деректерде екі пайызға азайып, 65 пайыз болып жүрді. Ал кешегі соңғы әрі нақты деп жарияланған көрсеткіштерде 63,1 пайызға түсіп қалды» дей келіп, Статистика агенттігінің деректеріне кеңінен тоқталған.

Санақ деректеріне «Литер» басылымы да назар аударған.

«Болашақта Алматы қаласында онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арнайы «хоспис» ашылуы мүмкін. Қалалық денсаулық сақтау департаментінің мәліметтері бойынша, қазіргі кезде тек Алматыда тіркелген 200-ден аса бала осындай арнайы мекемеде ем алуды қажет етеді екен», деп жазады «Айқын» газеті. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2015 жылға қарай әлем тек обыр ауруынан 100 миллионға жуық адамнан айырылады деген болжам жасаған. Қазірдің өзінде 400 мыңнан аса әйел қатерлі ісіктің құрбаны болады екен. Жарияланымда айтылған жайттар «Қатерлі ісік қыз-келіншектерді қырына алып тұр» деген тақырыппен басылған.

***

«Алаш айнасы» басылымның дәстүрлі «Дат!» айдарының қонағы - Адвокаттар форумы мен «Бэст» адвокаттық кеңсесінің төрағасы Таир Назханов. Тәжірибелі заңгер еліміздегі құқық қорғау саласындағы олқылықтарды айта отырып, қарапайым азаматтардың әрқайсысы өз құқығын қорғай алатын жағдайға жеткенде ғана құқықтық мемлекет құра аламыз деген уәжін және басқа да тың ойларын ортаға салған. Мақала «Қазіргі кезде адвокаттар жетім баланың күйін кешуде» деген тақырыппен берілген.

«Оңтүстік Қазақстан облысында кейінгі кезде жанар-жағармай бағасы Үкімет қойған бағадан да асып түскен. Бұған дейін «жанармай жыры» егін орағының алдында немесе көктемгі егіс кезінде бұрқ ете қалушы еді. Қыстың қақ ортасында жанармай сатумен айналысатын кәсіпкерлерді ашындырып, билік үйінің алдына үймелеуге не мәжбүр етті екен? Кәсіпкерлердің айтуынша, «Дайрабайдың көк сиыры» осы оператор компаниялар болып отырғанға ұқсайды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Сауатты сауатсыз түсінік пе, әлде Оспановтың қосқаны бар ма?» атты мақаладан оқып білесіздер.

«Экспресс-К» басылымында да оңтүстік өңірдегі жанармай жыры арқау болған мақала берілген.

***

«Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған министрліктердің, орталық ведомстволардың, қаржы құрылымдарының өкілдерінен құралған жұмыс тобы Ақтөбе облысына келді. Сапардың негізгі мақсаты еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген жобалардың жүзеге асыру барысымен танысу болды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Жедел топтың жұмысы Ақтөбеге келген сәттен шұғыл басталған. Алғашқы кезде Ө.Шөкеев Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовпен және Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевпен бірге ірі инвестициялық жобалардың басшыларымен, олардың мердігерлерімен жеке кездескен.

Үкімет мүшелерінің аймақтағы сапарына жіті назар аударған «Егемен Қазақстан» газеті де «Үкіметтік қолдау - ілгерілеу кепілі» деген тақырыппен мақала басты.

«Известия-Казахстан» газетінің жазуынша, Қазақстан азаматтарың табыс декларациясын тапсыру тәртібі 2013 жылы енгізіледі. Бұл туралы кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов еліміздің Қаржы министрлігінде өткен алқа мәжілісі барысында мәлім еткен. «Бұл үрдісті тағы да екі жылға, 2013 жылғы қаңтардың 1-іне шегерейік. Сонымен бірге нарықтағы бір реттік таланды да өзгертеміз», депті Үкімет басшысы.

«Алаш айнасы» газетінде де осы тақырыпқа орай жарияланған мақалаға да назар аударыңыз.