Бүкіл өмірін ауыл мектебіне арнаған КСРО Оқу ісі үздігінің кітабы жарық көрді

АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті қорында ұстаз, жазушы, журналист Мәшүр Жәлиловтың "Ана жутум - соғулмас илһам" (Ана жұртым - сарқылмас шабытым) деп аталатын кітабының тұсаукесері өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, КСРО Оқу ісінің үздігі, журналист, жазушы Мәшүр Жәлилұлы 1930 жылы 28 желтоқсанда Ұйғыр ауданының Кетпен ауылында дүниеге келіп, 1994 жылы 64 жасында дүниеден озған еді.

"М. Жәлилов бүкіл өмірін ауыл мектебіне арнаған әдіскер, психолог және ұлағатты ұстаз болды. Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына дейін жұмыс жасады. 1999 жылы Үкімет қаулысымен өзі қызмет жасаған Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кетпен ауылындағы орта мектепке Мәшүр Жәлелов есімі берілді. Жақында онда ұстаздың 80 жылдығы атап өтілді", - дейді М.Жәлелов атындағы Кетпен орта мектебінің директоры Тоқан Әлібеков.

Оның айтуынша, Мәшүр Жәлиловтың бұған дейін көзі тірісінде "Арзу", "Бих", "Тепилған блокнот", "Диярим мениң", "Тяншань садалари" деп аталатын 5 кітабы жарық көрген. "Ана жутум - соғулмас илһам" деп аталатын бұл кітапқа әр жылдары ұйғыр, қазақ тілдерінде жазылған өлеңдері, баспасөзде жарық көрген мақалалары және Мәшүр Жәлилұлы туралы мерзімді баспасөзде жарық көрген мақалалар мен естеліктер жинақталған.