Бүкіл түркі халықтары тілінің, әдеби тілінің нормасы қазақ тілінде сақталған - ҚР Мәдениет министрі

СТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүкіл түркі халықтары тілінің, әдеби тілінің нормасы қазақ тілінде сақталған.

Бұл пікірді бүгін елордада Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасын талқылауға орай өткізілген ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі 7-ші кеңес барысында еліміздің Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед білдірді.

Қазақ тіліне кейбір адамдардың, әсіресе жастардың арасында мұрынын шүйіріп қарайтындар бар екеніне қынжылыс білдірген ол, «шынтуайтына келетін болсақ, жер бетіндегі түркі тілдес халықтардың саны 200 миллионға жуықтады. Түркияның өзінде 70 миллионнан астам. Сол бүкіл түркі халықтары тілінің, әдеби тілінің нормасы Қазақстанда, қазақ тілінде сақталған. Өйткені біздің тіліміз таза түркілік табиғи қабілетін, қасиетін сақтап отыр», деп баса айтты.

Демек қазақ тілін білетін адам жер бетіндегі 30-ға жуық түркі тілдерін, яғни Сібірдегі якут тілінен бастап, Алтайдағы тыба тілін, Еуропадағы гагауыз тілін, не болмаса Балтық маңындағы қарайым тілдерін жақсы түсіне алады деген пайымын жеткізген министр жер бетінде 6 тәуелсіз түркі мемлекеті бар екендігін жастардың есіне салды.

«Соның барлығындағы мемлекеттік тіл - түркі тілі болып есептелінеді. Демек, сіздер қазақ тілін білетін болсаңыздар, 200 миллион тілде сөйлетін халыққа кілт табасыздар. Екіншіден, бұл сіздердің ана тілдеріңіз. Үшіншіден, қай ұлттың өкілі болсаңыз да қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ендеше бұл тілге деген құрмет осы бағдарламаны оқып үйренуден басталады», деп қорытты сөзін Мәдениет министрі.