Бүкіләлемдік абсолюттік жекпе-жек кеңесінің президенті: енді сіздерде екі Әлем чемпионы бар

АЛМАТЫ. Тамыздың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Құттықтаймын, енді сіздерде ережесіз жекпе-жектен екі Әлем чемпионы бар. Оны  Бүкіләлемдік абсолюттік жекпе-жек кеңесінің (WAFC)  президенті Георгий Кобылянский кеше Алматыда өткен халықаралық турнирде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.,

«Ережесіз жекпе-жек Қазақстанда қазір қарыштап дамып келе жатыр. Егер осы қарқынын бәсеңдетпесе, ол әлі талай биіктерді бағындырады. Оған мүмкіндік жеткілікті. Мәселен біз Алматыда сәуір айында  өткен халықаралық турнирде  енді күзде Әлем чемпионы атағын сарапқа саламыз деген едік. Ол ойлағанымыздан да  бұрын жүзеге асып отыр. Ал өткен турнирде  WAFC тұжырымы бойынша ресейлік Аслан Әлгерееевті айқын басымдықпен жеңген қазақстандық Бейбіт Назаров Еуразия чемпионы атанған еді. Бүгін ол Әлем чемпионының да алтын  белдігін иеленіп отыр», - деді Георгий Кобялянский.

         Бейбіт Назаров бұл дүбірлі додада Әлем чемпионы атағы үшін оңтүстік кореялық Сео Сюнг Кионгпен жекпе-жекке шыққан болатын. Ережесіз жекпе-жектің ММА және  WXF  тұжырымы  бойынша Оңтүстік Корея чемпионы саналатын ол бұған дейін 18 кездесу өткізіп, оның бәрінде де мерейі үстем шыққан еді. Ешкімнен ешқашан жеңілмеген оны Бейбіт Назаров бірінші таймда-ақ  естен тандырды.