Бүкіләлемдік банк Қытайда ауқымды дағдарыс болатынын болжады

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Қытайда ел үкіметі экономикадағы мемлекет үлесін азайту жөнінде терең реформаларды бастамаса әлемдік дағдарыс орын алуы мүмкін.

Бүкіләлемдік банк өзінің «Қытай 2030» атты баяндамасында осындай қорытынды жасады, деп хабарлады РБК агенттігі.

Сарапшылардың пікірінше, ірі мемлекеттік корпорацияларды кәдімгі коммерциялық кәсіпорындар сияқты жұмыс істеуге мәжбүрлеу және ұлттық экономикадағы мемлекеттің рөлін азайту қажет. Қытайда жыл сайынғы ІЖӨ өсімі 10 пайызды құрап отыр, алайда бұл көрсеткіш биыл 8 пайыз көлемінде болады деп болжануда. Тиісті реформалар жасалмаса, одан әрі бұл көрсеткіштің азая түсуі сөзсіз, деп санайды Бүкіләлемдік банк.

Қытайдағы дағдарыс жаңа толық ауқымдағы әлемдік экономикалық дағдарысқа соқтырады. Жапония мен Еуропа рецессиямен бетпе-бет келіп отыр, АҚШ-та өсім мардымсыз, ендігі басты үміт ҚХР болмақ.